Тараз іргесінде жолы, суы, жарығы, мектебі, балабақшасы жоқ жұтаған ауыл бар
Дымы жоқ ауыл! Тараздың іргесінде өркениет игілігінен ада ауыл бар. Бұл жер елді-мекен боп қалыптасқалы не жол, не су, не жарық, тіпті, мектеп пен балабақша болмаған. Бұқара ширек ғасырдан бері қиындықпен күн кешіп келеді. Жанға батқан жайларды жұрт жергілікті билікке үйіп-төгіп жеткізген. Алайда күні-бүгінге дейін оны елей қойған бірде-бір шенеунік табылмапты.
Автор: Руслан Әбдіхалық
03.10.2019
Таразды «көркейтіп жатырмыз» деп жиі мақтанатын әкімдік, іргедегі ауылдарды мүлдем ұмыт қалдырған. Мәселен, Қарасай алқабы жалпақ әлемнің ырду-дыруынан жырақта жатқан жоқ, облыс орталығына тиіп тұр. Сонда да мұнда өркениет игілі атымен жоқ.
- Ақшасын жеп қойды, Қайда ақша? Ештеңе де жоқ, түк жоқ! Не жарық жоқ, не жол жоқ, не асфальт жоқ. Алтыда кетем, осындай кезде келем, мынаған құлап, тайып, аяғымды қисаңдатып, жасым 72де. «Жолың жаман» деп такси келмейді.
Тұрғындары дүрлігіп жатқан аумақ 20 жыл бұрын қаланың құрамына кірген. Ауданнан бөлініп, шаһарға қосылса да баяғы жартас – сол жартас. Ауыз су тапшы, ой-шұқыр жол, қараңғы көше. Мектеп пен балабақша, амбулатория да болмаған. Жоқшылықтың зардабын әсіресе оқушылар мен бүлдіршіндер тартып отыр.
Райкүл Жұмаділова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Балаларымыз бір емес, автобусқа үш рет мініп барады. Бастауышта сыныптарында оқиды, бәрі жылап, қыстың көзі қырауда қандай азаппен келеміз. Жолды жөндесін, автобус жүргізсін, мектеп салып берсін. Істегендері мынау! 21ші ғасыр ғой!
Ашулы топ өзекті жайларды қағазға түсіріп әкімнің қолына ұстаттық дейді. Алайда шенділерден сол күйі жауап болмаған.
Әділет Биғабылов, Тараз қаласының тұрғыны:
- Мен қала әкіміне, облыс әкімдігіне хат жаздым. Мына кісілердің бәрі қол қойды. 200 адамды әкел деді, қолын қойып апарып бердім. Қабылдамайды да, қарамайды да! Оның үтіне бізді қала деп атайды. Қандай қала, мынау қала ма? Не бақша жоқ, не мектеп, не медбекет жоқ. Не дұрыс көше жоқ. Автобусты атамаңыз мүлде!
Шенеуніктер ағайынның аянышты күйінен «хабарымыз бар» дейді. Жағдайдың өзекті екенін де түсінеді-міс. Алайда әңгіме ауанынан мәселенің бүгін-ертең шешілер түрі аңғарылмады.
Бекзат Болатбеков, Тараз қаласы әкімдігінің бас инспекторы:
- Бұл халықтың көтеріп отырған үлкен мәселесі Құдай қаласа, 23 жылда шешіледі. Мәселелердің бәрі өзекті. Халықтікі дұрыс. Құдай қаласа, шешіледі. Медбекет мәселесі қазір Тілеміс ақын көшесінде жаңадан соғылып жатыр, жер белгіленген. Ол 2020 жылдың 1ші тоқсанына қарай қолданысқа беріледі.
Тұрғындар шендінің бұл уәдесі «жылаған балаға тәтті ұстатып алдағанмен тең» дейді. Сондықтан ашынған ағайын жауаптыларға сөзден іске көшуді талап етеді. Әйтпесе Қарасай алқабының үш жарым мың тұрғыны облыс әкімдігі алдында аттандамақ ниетте.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!