Судың сұрауы! Жезқазған тұрғындары зар илеп отыр
Жезқазған тұрғындары су құбырларындағы ақау салдарынан 10 күннен бері ауыз сумен толыққанды қамтылмай зар илеп отыр. Алғашында қалаға су берумен айналысатан «ПТВС» мекемесі құбырларға жөндеу жүргізіп қысымды азайтқан. Жөнелді деген құбыр кеше тағы жарылды. Салдарынан қысым тағы төмендеп, қаладағы 400-ге жуық көпқабатты үйдің 3-ші қабатынан жоғары ауыз су көтерілмей жатыр. Қала билігі ақау шыққан жер бүгін жамалғанын хабарлады.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
03.10.2019
Дегенмен бірер күнде суды толық береміз деген шенділерге тұрғындар сенбейді.
Жезқазғандағы ауыз су мәселесі соңғы жылдары – өзекті. Мемлекет меншігінде болғанымен, «Қазақмыс» компаниясы сенімгерлік басқару негізінде ие болып отырған құбырлардан ақау көптеп шығады. Оны жамап-жасқап жүргенде жезқазғандықтар сусыз отыруға еті үйренді. Бірақ осы жолғы жұмыстар 10 күнге созылып, қысым болмай, жоғарғы қабатта тұратындар әбден қаталады.
Ақмарал Абдулова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Жуынудан, ыдыс жуудан қалдық. Ол аздай, үйде дәретке шыға алмайтын жағдайға жеттік. Әкімдікке хабарлассақ, дұрыс жауап бермейді. Судың қашан берілетінін де нақты айта алар емес.
Жөндеу жұмыстары кезінде су жетпегендерге қала билігі ауыз су тасып жатырмыз деп есеп берген. Алайда осы күндері суды «сатып алып іштік» деген ел, шенеуніктердің өтірігін бетіне басты.
- Бәлкім қымбат суды 5 литріне 200 теңге етіп коммерция жасағалы отыр ма деп ойлаймыз. Кеше кешке, тоғыз күннен соң барып су таситын көлік келді.
Жөндеу жұмыстарын аяқтап бола бергенде, кеше құбырдың қаладан 25 шақырымдағы жері қайта жарылды. Коммуналдық мекеме мен қала билігі жабылып жүріп тесілген жерді қайта жамады. Екі күннің ішінде қаланың сумен толық қамтимыз деп отыр. Дегенмен өткен ғасырдың 70-ші жылдары төселген құбырлардың, тағы қай жерінен сыр беретіні белгісіз. Сондықтан мемлекеттен көмек болмаса, ауыз су мәселесі түбегейлі шешілмейтінін мойындайды.
Саян Мұратұлы, Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- 60 шықырымдық құбыр. Соны қайта жөндеу және қайта қалпына келтіру үшін жобалық сметалық құжаттары даярланып жатыр. Алдымыздағы жылы аталмыш жоба сараптамалардан өтіп, тиісінше салалық министрлікке қаражат бөлуге жолдануға жоспарланған. Сол себепті бұл құбырды толықтай қалыпқа келтіру жоспары бар.
Бірер күн бұрын Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы ауыз сумен қамтуға «бас-көз болмадың» деп Жезқазған әкіміне сөгіс жариялаған. Дегенмен жаңа әкім проблеманың тереңде жатқанын енді түсінсе керек. Құбырлардың тозығы жеткенін әлеуметтік желіде мойындап, Жезқазғандағы қордаланған мәселелерді шешуді жеке бақылауға аламын деп мәлімдеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!