Өгей әкесінің тепкісін көрген бүлдіршіннің жүрегі тоқтады
Алматыда өгей әкеден оңбай таяқ жеген сәби қайтыс болды. Небәрі екі жасар бала аппараттың көмегімен тыныстап жатқан. Оның өмірі үшін 10 күннен бері алысқан ақ халаттылар таңғы сегізде суыт хабарды жеткізді. Айтуларынша, апталдай еркектің салған ауыр жарақаттарынан нәресте жүрегі шыдамапты. Титтей баланы тепкінің астына алған әкенің жазасы да осыған байланысты өзгерді.
Автор: Аруна Ортай
03.10.2019
Екі жасар Әлинұрды тыныстау аппаратынан ажыратпай, дәрігерлер соңына дейін күресіп баққан. Бірақ бала жүрегі ақыры шыдамады. Ауыр соққылардан оңбай жараланған сәби таңсәріде көз жұмды. Нәрестеге аяушылық танытпаған өгей әкенің де енді жазасы ауырлай түспек. Себебі, оған бұған дейін тек «қасақана ауыр жарақаттар салды» деген айып тағылған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- ҚКтің 106бабының 3-тармағынан 99 бабына қайта сараланды. Яғни, «Адам өлтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тиісті сараптамалар жүргізілуде.
Оқиға Көкқайнар шағын ауданында болған. Баланың туыстарының айтуынша, өгей әкенің аты – Жеңіс Құрманғазин. Оның сәбиді сабап жатқанын көршілер көрген. Бірақ қорқып, ешқайсысы хабар бермепті. Тек жолда өтіп бара жатқан «Газель» жүргізушісі айқайға басқан соң ғана еркек тепкіні тоқтатқан. Сөйтсе, сылқия тойып арақ ішіп алыпты.
Ержан Теңізбаев, баланың нағашысы:
- Әпкем үйге келсе дейді, бөтелкелері шашылып жатыр. Ішкен, сол күні ішкен екен Басында ондай болмаған. Жақсы кісі болған. Жақсы жігіт. Мен екі жыл танимын. Бір жыл бірге жұмыс істегем автожуғышта. Одан бастап мен осы уақытқа шейін бір теріс мінезін көрген жоқпын. Бала дегенге жанын беріп жүрген.
Яғни, күдіктіні әпкесімен інілері таныстырған. Айтуларынша, бұрын ажырасқан. Бұрынғы әйелінен екі баласы бар. Сол себепті күдік келтірмепті. Енді бауырлары бармақ тістеп отыр.
Нұрлан Теңізбаев, баланың нағашысы:
- Өзімен сөйлестім ғой, осы жақында кішігірім той жасаймыз деп. Өзі келіскен. ЗАГСқа да отырамыз деген. Қайдағы түрме? Түрме деп аузын да ашқан жоқ қой!
- Егер білген болсаңыздар, бір емес, екі рет сотталғанын, не істер едіңіздер ағасы ретінде?
- Қарсы шығар ем баяғыда. Әпкем жалғыз қалмасын деп келісім бергем.
Жеңіс Құрманғазин қазір тергеу абақтысында жатыр. Түрме қабырғасы өгей әке үшін таңсық емес. Себебі, бұған дейін де бір емес, екі мәрте істі болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!