Ордабасы: Мүгедектер мен көпбалалы отбасыларға берілген судай жаңа үй оңбай шіріген
Түркістан облысында мүгедектер мен көпбалалы отбасылар жаңа, бірақ шіріген үйде тұрып жатыр. Жылдар бойы үй кезегінде тұрып мемлекеттік бағдарламамен жалдамалы баспанаға ие болған олардың үйінің едені шіріп, қабырғалары көгеріп қақырап кеткен. Әлеуметтік аз қамтылған 28 отбасы түйткілін Ордабасы ауданының басшыларына талай айтқанымен, олар мәселені мердігерге сілтейді. Ал мердігер жұртқа доқ көрсетеді екен. Шірік еден мен дөрекі басшылардан мезі болған жұртпен КТК тілшісі тілдесті.
Автор: Бек Әбиев
04.10.2019
Көп жылдар бойы баспана кезегінде тұрған аз қамтылған 28 отбасына үй екі жыл бұрын берілген. Ол кезде кілтті салтанатты түрде тапсыруға облыс әкімінің өзі келген. Бірақ сырт көзге әсем көрінген үйдің сапасы сын көтермейді.
Шарбақтарда облыс басшысы үшін ілінген плакаттар әлі алынбаған. Көшедегі шамдар да сол екі жыл бұрын бір жанып, қайта қосылмапты. Ал баспаналардың іші жарылыс болғандай күйде. Едені шіріп, жұрт оны әр нәрсемен жауып тастапты. Себебі, тесік еденге аяғы кіріп кетіп жарақат алған тұрғындар да жетерлік. Ал шіріген ағаштың астында зиянкестер өріп жүр.
Темірлан ауылындағы мүгедектер мен көпбалалы және жалғызбасты әйелдерге берілген үйлердің бәрінің күйі осы дейді жұрт. Көбінде су да дұрыс ақпайды. Есесіне, баспана ішінде дымқыл жетерлік. Кейбірінің қабырғасы айырылып көгеріп кеткен. Одан балалар жиі ауырады. Ал тұрғындардың арызын алған шенеуніктер мен үйді салып һәм жөндеуі тиіс мердігерлер елдің басына әңгір таяқ ойнататын көрінеді.
Оразбек Көлбаев, Темірлан ауылының тұрғыны:
- Нысаннан қалған ескі ағаштар бар, соны төседі де, бетін сырлай салды. Кейін біз айта бастады, шағым жазғаннан кейін «ей, қойсай, терпила болмасай, одан қайта өздерің жасай беріңдер, сендерге үй бердік, рахмет айтсаңдаршы, дейді. Жыртығына жамағандар ескі ағаш алып келіп, қол қойдырып алды, қасында тұрып суретке түсіңдер дейді.
Жұрт шулаған соң шенеуніктер де келді. Бір жарым жылдан бері шулап жатқан елдің арызы оларға биыл көктемде ғана түсіпті. Тұрғындармен әңгімесі жараспаған ақ жағалылар бір үйге бас сұққан еді. Тек шын жағдайды көзбен бүгін көргенін алға тартқан олар мердігерлер бәрін жасап береді деп отыр.
Арман Ысқақов, Ордабасы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Төрт үйді істеді, мердігер мекеме біз банкротқа түстік деді де, ол әйелінің айлығынан ай сайын жинап істеп берем деді. Мердігер мекеме ашық сөйтіп айтты. Солай кепілдік мерзіміне байланысты мен ай сайын істеп беріп отырам, бірбір үйден болсын деді.
Тұрғындардың тұрмысы мердігер компания басшысы әйелінің жалақысына байланысты болып тұр. Сондықтан бұл мәселеге жоғарыдағы басшылар мән бермейінше, үйсіз жұрт мүлдем үйсіз қалғалы тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!