Маңғыстау-Ақтөбе пойызының жекеменшікке берілуіне жолсеріктер үзілді-кесілді қарсы
Жекенің қолына өтпесін! Маңғыстау облысында жолсеріктер жұмысты тоқтатуға дейін баратынын айтып наразылық білдірді. Жүзге жуық қызметкер «Маңғыстау-Ақтөбе» жолаушылар пойызының жекеменшік компанияға берілуіне түбегейлі қарсы. Жанайқайын жеткізген олар «Жолашуылар тасымалы» мекемесінен кетсек, жалақымыз қысқарып, жұмыс орнымызбен қош айтысамыз ба деп қорқады.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
04.10.2019
«Маңғыстау-Ақтөбе» жолаушылар пойызы жекеменшік компанияға берілгелі жатыр деген жаңалық жолсеріктердің наразылығын туғызды. Таңмен таласа басшыларға талап қойған қызметкерлер 10 жыл бұрын жекенің қолында жұмыс істеп құқығы тапталғанын айтады. Бұл жаңашылдыққа жолсеріктер үзілді-кесілді қарсы.
Асан Ағыбаев, жолсерік:
- Жекеменшіктің құрамында біз 2008-2009 жылдары жұмыс жасағанбыз. «Құнантранс» мекемесінде. Сол кезде бізді қасақана жұмыстан шығарды. Сосын еңбек өтілімізді алып тастады. Жалақымыз төмендеп кетті. Сол жағдай қайталанатынына сенімдіміз. Жекеменшік – бір адамның мүддесі. Біз оған түбегейлі қарсымыз.
Күні-түні бел жазбай жұмыс істейтін жолсеріктер онсыз да ескі-құсқы вагондардардың кесірінен жолаушылардан «сөз естіп шаршадық» дейді. Ал тендер ұтып алған компания қордаланған мәселелерді шешуге тырыспайды дейді олар. Ашынған топтың ойынша, ондағылар бұл саланы былыққа батырып, жолсеріктерді қанайтын көрінеді.
Әбдікәрім Нұрболғанов, жолсерік:
- Жаңа құрам дейді, қайдағы, жағдайы жоқ вагондар. Тозған вагондарды әкеліп қойған. 21 ғасырда жаңашылдық бола ма деп едік. Ондай ештеңке көрмеймін. Жекеменшік деген зауып тұрғызып, вагон шығарса, мінеки, сол кезде жекеменшік болады. Сынық вагондар әкеліп, жекеменшік алу кез келгеннің қолынан келеді.
«Жолашулыр тасымалы» компаниясының өңірдегі басшысы қарамағындағы жұмысшыларды сабырға шақырды. Ол «жекеге өтеді» деген нақты шешім болмағандықтан «дүрлігуге еш негіз жоқ» екенін айтады.
Батырбек Шілімбаев, «Жолаушылар тасмалы» АҚ Маңғыстау учаскесінің басшысы:
- Бүгін бізде ешқандай бұйрық жоқ. 309 пойыз жекеге кетеді деген. Бүгін 309 пойыз «Жолаушылар тасымалы» пойызы жүріп жатыр.
«Маңғыстау-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызы кесте бойынша жүріп жатыр. Алайда ашуға булыққан 100-ге жуық жолсерік хат жазып, құзырлы органдардан көмек сұрайды. Егер ешкім құлақ аспаса, барлығы бірауыздан жұмысты тоқтатып, наразылық шарасын өткізбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!