{metadescription}
Депутаттар үй-күйсіз жүрген жарты миллион отбасының мәселесін қалай шешеді
Депутаттар үй-күйсіз жүрген жарты миллион отбасының мәселесін қалай шешеді

Депутаттар үй-күйсіз жүрген жарты миллион отбасының мәселесін қалай шешеді

Елімізде жарты миллион отбасы үй-күйсіз жүр. Жыл сайын миллиондаған шаршы метр баспана берілсе де, құрылыс қарқыны бәсең. Сондықтан пәтер кезегіне тұрғандар 50 жылға дейін жеке үйіне қол жеткізе алмауы мүмкін. Депутаттар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына реформа жасаймын деп Мәжіліске келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрін сынға алды.

Сандар мен деректерді Мәжілістің көрме залында көрсетіп мақтанған жаңа министр Бейбіт Атамқұлов  депутаттардың алдында кібіртіктеп қалды. Құжатта бәрі керемет болғанымен, іс жүзінде шаруа шатқаяқтап тұр. «Нұрлы жермен» бой көтеріп жатқан үйлердің сапасы нашар. Құрылыс компаниялары бұған жауапқа тартылып келеді. Алайда шенеуніктер тарапынан бақылау аз. Олардың лицензияларының мерзіміне өзгеріс керек деп есептейді депутаттар. Баспана салудағы тағы бір кемшін тұс – екпіннің баяулығы. Екі жарым жылдың ішінде үй кезегіндегілердің 6 пайызы ғана өз баспанасына қол жеткізген.

Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:

- Алматы облысында 48 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Бұл ретте соңғы үш жылда оған бар болғаны 18,7 млрд. теңге ғана бөлінген. Ал кезекте тұрған адамдар саны одан екі еседей аз. Қостанай облысына мемлекеттік бюджеттен 26,8 млрд. теңге бөлінген Егер біз осындай қарқынмен тұрғын үй салатын болсақ, тіпті, енді 50 жылдың өзінде кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкін болмайды.

«Нұрлы жердің» шапағатын көруге асыққан жұрт жан-жаққа сабылып жүр. Өйткені мемлекеттік бағдарламаны іске асырумен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Баспана», «Қазақстан ипотекалық компаниясы» мен «Бәйтерек» холдингі айналысады. Атаулары басқаша болғанымен атқаратын қызметі бірдей. Осы жерде халық қалаулылары бір-бірін қайталайтын операторлар санын қысқартуды дереу талап етті. Ал Зағипа Балиева баспанаға мұқтаж шаңырақтарға «Бақытты отбасы» бағдарламасындағы 10 пайыздық алғашқы жарна мүлдем керек емес деп есептейді. Ол пәтер жалдап жүргендердің орнына өзін қойып, есебін де шығарып келіпті.

Зағипа Балиева, Мәжілісі депутаты:

- 10 пайыз жинақты ешкім жинай алмайды. Себебі, олар пәтер жалдап отыр. Пәтер жалдағанға 40 мыңнан 100 мыңға шейін ақша төлейді. Ол ақшаны пәтер иесіне бермей, банкке берсе. Есептеп бердім. Әр отбасының мүмкіндігі бар.

Балиеваның есебін Атамқұлов шеше алмай біразқара  терге түсті. Тіпті қызметіне кіріскеніме «көп болған жоқ қой» деп ақталуға тырысты.  

Бейбіт Атамқұлов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Менің өзімнің жұмыс істегеніме 21 күн болды. Енді қарастырамыз. Бізді біраз ойлантатын болды. Әріптестеріміздің пікірін естімекшімін.

Жалпы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы көпбалалы, толық емес отбасылар, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды жарылқап қана қоймай, жастар, жас отбасыларды да пәтермен қамтымақ.

Соңғы екі жылда «Нұрлы жер» бағдарламасына 414 млрд теңге бөлінген. Биыл 13 млн. шаршы метр үй қолданысқа берілуі тиіс. Жыл аяғына дейін құрылысқа деп бөлінген бюждет қаржысы толықтай игерілмеуі мүмкін. Өйткені салынып жатқан баспаналар саны аз. Депутаттар министр Атамқұловқа осы жағын қатаң қадағалауды талап етті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде