{metadescription}
Жәрдемақы бүкіл балаға берілуі керек пе?
Жәрдемақы бүкіл балаға берілуі керек пе?

Жәрдемақы бүкіл балаға берілуі керек пе?

Көп балалы отбасыларға жаңа жылдан бастап жәрдемақының жаңа түрі қарастырылады. Енді 4 және одан да көп баласы бар әр отбасы 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін жәрдемақы алады. Мемлекет соның есебінен атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатарын азайтқысы келіп отыр. Өйткені ол отбасылық табысқа саналмақ. Алайда аталмыш мәселені қаузап жүрген қоғам белсенділері министрліктің бұл бастамасын шикі санайды. Олар жәрдемақы бүкіл балаға берілу керек дейді. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы бойынша жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға, яғни 4 және одан көп баласы бар отбасыларға жәрдемақының жаңа түрін тағайындау көзделіп отыр. Ол әр балаға шамамен 10 жарым мың теңгеден есептелмек. Яғни, 4 балаға 42500 алса, 7 баласы үшін 73 мың теңгеден асыра төленеді.

Біржан Нұрымбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың 60 пайыздан астамы көп балалы отбасылардан шыққан балалар. Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмек алушы көп балалы отбасылар құрамындағы балаларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыруды ұсынамыз. Бұл көп балалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-ауқатын арттыру жолы болар еді.

Министр осылай деп келеді де сол жәрдемақының отбасылық табысқа саналатынын айтады. Яғни, бұрын атаулы әлеуметтік көмек алып келгендер жаңа жәрдемақыдан кейін отбасылық кірісі артып кетсе, одан қағылады. Мысалы, Индира Қазнанова мемлекеттік үй қорынан алған екі бөлмені жалдап отыр. Жеті баласы бар. Жетеуіне атаулы әлеуметтік көмегі мен бала күтімі үшін 171 мың теңге алады. Алтын алқасына 16 мыңы және бар. Индира жаңадан тағайындалатын жәрдемақыны түсіне алар емес. Отбасылық табысқа саналса, одан ештеңе өзгермейді дейді.

Индира Қазнанова, көп балалы ана:

- Егер 73 мың бөлек, 171 мыңды бөлек беретін болса – көмек. Ал ананы алып тастайтын болса, жетпейді. Атаулы көмектен басқа ештеңе бермейақ, оны қоспай-ақ қойғаны дұрыс қой. Оны қосса да, қоспаса да, бір болып тұр. Ешқандай өзгеріс жоқ.  

Көп балалы отбасылардың мәселесін көтеріп жүрген қоғам белсенділері де министрліктің жаңа бастамасын қолдап отырғаны шамалы. Олардың айтуынша, балаға көрсетілетін көмек тек көп балалы отбасыларға ғана деп бөліп қаралмау керек.

Жанбота Өміртай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы жұмыс тобының мүшесі:

- Әр балаға үкімет тарапынан жәрдемақы беру өте орынды деп санаймыз. Бірақ тек көп балалыларға беру ол халық наразылығын тудыруда. Өйткені бүкіл жағдай, әлеуметтік жағдай, ең бірінші көп балалы отбасыларға беріледі. Ал қалған қоғамның мүшелері бұған наразы. Біздің ойымызша, үкімет ең алдымен барлық 6 миллион 300 мың балаға жәрдемақы төлесін. 

Дегенмен министрлік жағдайы төмен отбасыларға жәмдемақыдан бөлек, балаларына кепілді әлеуметтік пакет ұсынбақ. Онда мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды ыстық тамақпен, гигиеналық заттармен, мектеп киімдерімен қамтып, басқа да керек-жарақтарын, жолақысын өтеп беріп медициналық көмек көрсетпек.

Отбасылық табысы шекті мөлшерден 500 немесе 1000 теңгеге асып кеткендердің мәселесі сол күйі қараусыз тұр. Ондай отбасыларға жергілікті әкімдіктер көңіл аударып демеушілер қолдамаса, тұрмыс тауқыметімен әрі қарай да өз бетінше күресе беруге тура келеді. Ал министрліктің жаңа бастамасына қатысты заңға өзгеріс енгізіліп, ол қазан айының соңына дейін Парламент қарауына ұсынылмақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.