Атырауда 31 дәрігер жұмыстан кету туралы арыз жазды
Атырауда дәрігерлері нәрестені тоңазытқышқа тығып өлтірген облыстық перинаталдық орталықтағы дау жаңа қарқын алды. Бүгін мұнда 31 дәрігер жұмыстан кету туралы арыз жазды. Дегенмен басшылық бәрінің арызына бірдей қол қоймаған. Денсаулық сақтау басқармасы мен министрліктің өкілдері оларды жұмысында қалуға көндіріп жатқан көрінеді. Өткен айда құжатты жөндеуге ерінген перзентхана дәрігерлері тірі нәрестені тоңазытқышқа тығып өлтіргені анықталған. Қазір бас дәрігерден бастап бірнеше қызметкер істі болып жатыр.
Автор: Динара Жоламанқызы
07.10.2019
Бейресми мәлімет бойынша, дәрігерлердің жаппай жұмыстан шығуына себеп – жұртты дүр сілкіндірген перинаталдық орталықтағы сұмдық жағдай. Бас дәрігердің ұсталуымен тұспа-тұс келген дәрігерлердің бұл іс-әрекетін жергілікті билік түсіндіре алмай отыр.
Серікжан Ерментаев, Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Дәрігерлер әзірге жұмыс орындарында қызметтік міндетін атқаруда. Біз олардың қызметтерінде қалуы үшін бар жағдайды жасап жатырмыз.
Себебін білуге облыстық перинаталдық орталыққа бардық. Дәрігерлердің басын қосқан жабық жиналыс болып жатыр екен. Дегенмен сұхбат алу мүмкін болмады. Кейін түсірілім тобына «жауап береміз» деп ұзақ күттірген дәрігерлер, артқы есіктен шығып қашып кетті.
- Құрметті әріптестер, мына жағдайды ушықтармай, кішкене сабырға келіңіздер. Тергеу амалдары жүруіне байланысты, бітпейінше, ешқандай ақпарат таратуға жатпайды. Біз сіздерге ресми шығамыз. Брифинг өткіземіз.
Перинаталдық орталықта қазір 400 адам қызмет етеді. Оның 62-сі дәрігер. Медициналық құрамның 50 пайызы жұмыстан кетуге ниет еткен. Мекеменің бас дәрігері жаңа туған нәрестенің өліміне кінәлі деген күдікке ілінген болатын.
Нысанбаев пен акушер гинеколог қазір қамауда. Бас дәрігер алғашқыда пара берді деген күдікке ілініп ұсталған, кейін қылмысы қайта дәрежеленіп, акушер гинеколог екеуі жаңа туған нәрестені қасақана өлтірді деген күдікке ілініп айып тағылуда. Егер олардың қылмысы дәлелденсе, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!