Өскемен әкімдігі Ертіс ескекшілерінің жаттығу алаңын батпаққа айналдырған
Өскеменде кеңес заманынан бері жұмыс істеп келе жатқан қайықта есу клубының ағын суын жергілікті биліктегілер бөгеп тастаған. Ертістен ескекшілердің дайындығына бұрылған каналды әкімдік жағажайға жөндеу жүргізу үшін жауып тастапты. Соның салдарынан каналдағы су батпаққа айналып, 400-ге тарта ескекші жыл басынан бері жаттығу алаңынсыз қалды.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
08.10.2019
Олимпиада ойындарына кіретін спорт түріне ескекшілер қазір спорт залында машықтануға мәжбүр. Сонау 60-шы жылдардың аяғында Ертістің жағасынан ашылған клубқа келетіндер көп. Араларында республика және әлем біріншіліктерінен жүлде әкелгендері бар. Бірақ олар қазір тар залда жаттығып жүр.
Владимир Афанасенко, бапкер:
- Жаттығуларымыз көбіне тренажерларда өтіп жатыр. Көбі әлі суға да түсіп те көрмеді. Мына шалшық суға ары кетсе, 20 адам ғана түсе алады. Стандарт бойынша судың тереңдігі екі метр болуы керек, бірақ амалдың жоқттығынан, барымызбен базар болып отырмыз.
Бапкерлердің айтуынша, сусыз жерде аталмыш спорт түрінен шеберлікті шыңдау мүмкін емес. Ал қайықпен есудің әліпбиін үйретуге балшық аралас суға бәрібір түсуге тура келеді. Тепе-теңдікті ұстай алмай қайықтан ауғандары сасыған судың астындағы сазға батады екен.
Ольга Логинова, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Мынандай жағдайда жаттығу жасау мүмкін емес. Немерем осы спорт түрін жақсы көрген соң әкелемін. Қайықта есуге жаны құмартып тұрса, не деймін? Бірақ бала дұрыс дайындала алмайды. Су балшыққа айналған.
Биліктегілердің айтуынша, Ертіс жағасына жөндеу жүргізуге оны айнала қоршаған қайықшылардың каналы бөгет болыпты. Арнайы техника өтуге каналдың тұсына ауызы мұрнынан шыға топырақ төгілген.
Әлібек Тұрсынбетов, Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Ол жерге жұмыс жүргізген кезде мыңдық құбыр қойылған. Қазір зерттеу бойныша 2 мыңдық құбыр керек екен, диаметрі үлкен. Екіншіден, бәріміз білеміз, күзде әрқашанда су деңгейі түседі. Сондықтан осы екі мәселе жағымсыз жағдайға әкеліп отыр.
Алайда қайықшылар жаттығуға арналған каналда мүлде бөгет болмауы керек деп отыр. Бір басынан екіншісіне қарай көсіле еспесе, шеберлік шыңдалмайды. Ал шенеуніктер мәселе түбегейлі келесі жылы ғана шешіледі дейді. Өйткені әлі аяқталмаған жөндеу жұмыстарына өткел қажет. Оған дейін үлкенді кішілі ескекшілердің батпақтап тұрудан басқа амалы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!