Әкімдікке келген Тоқаев атқамінерлердің шаңын қағып, бірқатар сын айтты
Елорда қараусыз қалған. Бас шаһардың сән-салтанаты мен тазалығы қаланың статусына сай емес. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке келіп, бас шаһарды одан әрі дамыту мәселелері жөнінде жиын өткізді. Мемлекет басшысы қала әкімі Алтай Көлгінов бастаған жауапты шенеуніктердің шаңын қақты.
Автор: Әсел Тұмашқызы
08.10.2019
Таңатқалы Есілдің оң жағалауында абыр-сабыр. Көшені жылтыратып жүрген жұмысшылар мен көлік кептелісін тудырмауға жанталасқан полицейлер. Бүгін әкімдікке сол жағалаудан әрі аспайтын саяси элита тайлы-тұяғы қалмай келеді. Президент бұған дейін екі ай бұрын шаһар басшысын таныстыруға әкімдікке келген еді.
«Елорданы жан-жақты дамытып жатырмыз» деп есеп берген Алтай Көлгіновтің баяндамасы Президентке жақпай қалған сыңайлы. Оған қоса, мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды керісінше отырғызып қойған жауаптыларға, тыңнан түрен салмай, креативті бастамаларын басқа іске жұмсауға кеңес берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті:
- Сөзді азайтып, нақты нәрсемен айналысу керек. Біздің жоспарларымыз ылғи орасан зор, есеп беру қолымыздан келеді, жиынды қатырып тұрып шығармашылық түрде өткіземіз. Қараңыз, қандай тамаша зал, бірақ сәтсіз отырғызылған. Баяндама жасайтындар орындаушыларға артымен тұрды. Егер баяндама жасайтын әйел адам болса түк етпес, ал ер адам болса, өте жаман.
Бас қалада тұрғын үй жайы өзекті. Баспанаға қол жеткізе алмай жүргендер көп. Президент әлі күнге жұртқа қоныс тауып бере алмай тентіретіп жүрген атқамінерлерге шүйлікті. Тұрғын үй құрылысына миллиардтап қаржы бөлінсе де ұқсата алмаған жауаптылар жер шұқып қалды. Ал қарашаның қалтасын қағып үлескерлерді қан қақсатып жүрген алаяқтарды аямай түрмеге қамауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті:
- Алаяқтар түрмеде отыруы керек. Өйткені олар өздерінің ісәрекетімен азаматтарымыздың негізгі құқықтарына қол сұғуда. Азаматтарымызды алдап, далада қалдырып жатыр. Мұндай жағдайда мемлекет назардан тыс қалмауы керек. Әрекет істеп, есеп беріңдер.
«Елорда әбден тозған. Қаланың халі мүшкіл, тіпті ұят», - деді Президент. Оң жағалаудың жағдайын айтпағанда, Есілдің сол жағалауындағы ғимараттардың сиқы адам шошырлық. Сылағы түсіп қираудың алдында тұр. Шұрық тесік жолдар жөндеу көрмеген. Ал, жаңбыр жауса, кәріз суы асфальтқа шығып, бас шаһар Венецияға айналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті:
- Тіпті жолы мен коммуникациясы жоқ. Бұған жергілікті тұрғындар наразылық білдіруде. Қала шетіндегі жолдардың 36 пайызы нашар. Асфальт төселмеген. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Көшелердің 20 пайыздан астамында жарық жоқ. Мұндай келеңсіздік қылмыстың артуына әкеледі.
Қаланың кескін-келбетіне көңілі толмайтын тұрғындардың арыз-шағымын Ақордадағы мамандар сүзгіден өткізеді. Президент көмекшісі Аида Балаева тұрғындардың тілегін жеткізді. Ішуге жарамсыз қаңсып кеткен ауыз су, бықсып жататын қоқыс, тіпті қыңқ етсе, Ақордаға шабатын көпбалалы аналардың мәселесін дұрыс шеше алмай отырған шенеуніктерді кінәлады. Ал, қала әкімі мұнымен келіспейді.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Жүйелі мәселелер бар. Ол пәтер беру, оның кезегі. Оны жүйелі шешу керек. Сонымен бірге жол салу, абаттандыру бір күнде шешілмейді. Ең негізгісі, ашықтықты қамтамасыз ету, халықпен тығыз қарымқатынас жасау. Соны жүйелі жолға қойдық.
Президент бас қаланың тазалығына, әсіресе өзі тұратын үйдің кескін-келбетіне бас қатырмайтын тұрғындарға ренжіулі. Тоқаев астаналықтарды тұрмыстық мәдениетті сақтауға шақырды. Ал Елорда халқының қауіпсіздігін күшейтуге жаяу жүргізушілер жолын көбейтуді тапсырды.
Тоқаев халық көп тұтынатын азық-түлік бағасының бас қалада өте қымбат екенін айтты. Әсіресе, ұн, сүзбе, пияз бен күнбағыс майы мен сиыр етінің құны өзге өңірлерге қарағанда бірнеше есе қымбат.
Президент елордалықтардың әбден жүйкесін жұқартқан көлік кептелісін шешуде Тәуелсіздік даңғылы арқылы көпір салу қажет деп санайды. Кешкі 6-дан кейін жолаушыға аузы мұрны лық толы автобустардың санын көбейтуге пәрмен берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!