Восток нефть! Ақтөбе атқамінерлері наразы мұнайшылардың мұңын елемей отыр
Ақтөбе облысында қытайлық компанияның мұнайшылары бұрғылау жұмысын тоқтатып тастады. Олар енді жалақыны елу пайызға көтермейінше, қол ұшын қимылдатпаймыз деп отыр. Сервистік қызмет көрсететін «Восток нефть» мекемесінің жұмысшылар осыдан бір ай бұрын талаптарын басшылары мен әкімдікке жеткізген. Бірақ ол кездегі уәде толық орындалмаған соң ақыры наразылыққа шығыпты. Ал Ақтөбенің атқамінерлері наразы мұнайшылармен санасқылары жоқ. Қайта қытайлардың сөзін сөйлеп жаны шығып жүр.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.10.2019
Таң атысымен Ақтөбедегі «Восток нефть» сервистік компаниясының кеңсесінің алдына 100-ге тарта мұнайшы жиналды. Барлығының талабы – жалақыны елу пайызға өсіру. «Он бес күн үй көрмей тапқан табысымыз еңбегімізді ақтамайды», - дейді олар.
Нұрлан Шахин, мұнайшы:
- Талап – айлығымызды 50 пайызға көтерсін. Басқа ештеңе бүлдіріп, қырыпжойып жатқан жоқпыз. Жұмысымыз ауыр. Шахтадан кейінгі ең ауыр жұмыс осы. 90 мыңмен жүрміз, әрі 120 мың алады.
Мұнайшылар талабын осыдан бір ай бұрын компания басшылары мен облыс әкімдігіндегілерге айтқан. Бірақ өтініштері толық орындалмаған соң, бұрғылау жұмыстарын тоқтатып тастауға мәжбүр болыпты. Енді айлықты көтермейінше, жұмысқа шықпаймыз деп отыр.
- Біз тоқтатып тұрмыз. Тоқтатқан себебіміз – айлығымызды елу пайызға көтерсін. Көтерсе, жұмысымызды қайтадан атқарамыз.
Наразылыққа шыққан мұнайшылармен кездесуге облыс әкімінің орынбасарынан бастап, еңбек инспекторлары мен құқық қорғау органдарының өкілдері де келді. Шенеуніктер қытайлық инвесторлармен айлықты тек жиырма пайызға ғана көтеруге келісімге келгенін айтады.
Қайрат Бекенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Бұлардың мекемесі – сервистік компания. Сервистік компания болғаннан кейін табыстары сервиске байланысты. Бүгінгі күні, дәл қазіргі жағдайда 20 пайыз көтерген жағдайда бұдан әрі көтеруге мүмкіндігі жоқ.
Компанияның бас директоры Чжан Баоцзюнь наразы топтың алдына кеңсесінен әрең шықты. Ол қара алтын бұрғылаудан түк пайда таппай, мекемесінің әрең күнелтіп отырғанын айтады. Бірақ мұнайшылар оның сөзіне сенбейді.
Қазір «Восток нефть» жұмысшылары жалақысын жиырма пайызға, ал инженерлердікін сегіз пайызға өсірген. Бірақ мұнымен мұнайшылар келіспейді. Талап толық орындалмайынша, алған бетімізден қайтпаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!