Луговой жылқы зауыты! Тереңөзектік кәсіпкер жерін неге қайтармай отыр?
Жамбыл облысындағы ауыл тұрғындары жерсіз қаламыз деп дүрлігіп жатыр. Жұрттың айтуынша, кезінде 3 мың гектардан аса жер телімін қолдануға алған кәсіпкер енді оны қайтаруға құлықсыз. Бұқара бір жылдан бері компанияның соңынан жүгіріп жалықтық дейді. Сондықтан бұл дауға биліктің араласуын сұрап тұр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
14.10.2019
Тынышбек Өрісбаев – Тұрар Рысқұлов ауданы Тереңөзек аулының тұрғыны. Ақсақалдың егістік пен жайылымды қосқанда 50 гектар жері болған. Оны кезінде «Луговой жылқы зауыты» серіктестігіне өткізген. Әу баста пайын алып тұрған. Кейін бір қап бидайға да зар болдық дейді.
Тынышбек Өрісбаев, Тереңөзек ауылының тұрғыны:
- Адам ауысып жатқанға қорқып жатырмыз. Тағы біреуі аусып кете ме? Таппай қаламыз ба? Біреуге сатып кетсе кетіп қалады ғой. Қайдан табамыз біз? Содан қорқып, ауыл аймағымыз сол жерді алсақ деп отырмыз.
48 адам осы қарияның күйін кешіп жүр. Бұлар 3 мың гектардан аса жер телімін қожалыққа пайдалануға берген. Өздері өнімнен үлес ап тұруға келіскен. Жұрттың өре түрегелуіне жер пайының былтыр күрт қысқаруы себеп. Анықтай келе, әр адамның 9 гектар жерінің бөгде біреуге сатылып кеткені әшкерленген. Содан дау туындап, ақыры қайтарып алады.
Бағдат Нәдірбекова, Тереңөзек ауылының тұрғыны:
- Жерімізді қайтарсын, өзімізге берсін. Біздің тілегіміз осы. Өз жерімізді өзіміз пайдаланайық. Ол кісілер қайтармаймыз дей ме? Олар елді көндіріп жатыр.
Шаруаға икемділері кезінде жерінің құжаттарын түгендеп алса, кейбірі телімдерінің кімнің қолында екенін білмейді. Кейбірінің иелігінде жер болғанын растайтын құжаты жоқ.
Баймаханбет Бектұров, Тереңөзек ауылының тұрғыны:
- Не ары, не бері жоқ. Жерімді таба алмай ауданға бардым. Не пай алмаймын, ешнәрсе алмаймын. Қайтарып алайын десем, таппаймын. 50 гектар жер.
«Луговой жылқы зауытының» өкілі жағдайды басқаша түсіндіреді. Заңгердің айтуынша, 48 адаммен өткен жылы келісім-шарт жасалған. Соның негізінде компаниядан бөлініп шығуға ниеттілер бір жыл бұрын басшылық атына арыз жазуы тиіс екен. Тек сонда ғана жерін алуға болады. Ал бұл кісілерден әзірге арыз түспеген. Тек біреуі кетуге құлшыныс танытыпты. Басқасы үнсіз дегенді айтады.
Айғаным Қалдыбаева, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС заңгері:
- Бір жыл өткеннен кейін барып біз оларға қайтарып береміз. Себебі, біз ол жерді егінге дайындайтын болсақ, біздің материалдық шығындарымыз бар. Сол шығындарды қайтару үшін олар бір жыл бұрын арыздану керек. Сол жағдайда біз ол кісілерге жерлерін қайтарып береміз.
Компания жұрттың пайын бермей жатыр дегені бекер дейді заңгер. Тіпті бұқараның жер көлеміне қарай тиесілі дәнді дақылды ұдайы алып тұрғанын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!