{metadescription}
Алматы кірпіш зауытының басшылары тығырыққа тірелді
Алматы кірпіш зауытының басшылары тығырыққа тірелді

Алматы кірпіш зауытының басшылары тығырыққа тірелді

Не кірпіш, не ақша жоқ! Алматыда жұмысшыларының жалақысын дер кезінде төлемеген кірпіш зауытының басшылары тығырыққа тірелді. Маңдай тер ақысын ала алмаған қызметкерлері ашуға булығып дайын құрылыс материалдарын сыртқа шығартпай қойған. Соның салдарынан тауар ақысын алдын ала төлеп қойған тұтынушылар зардап шегуде. Кәсіпорынға миллиондаған қаражат бергендер бүгін жиналып алып шу шығарды.

Тонналап кірпіш өндіріп келген зауыттың жұмысы соңғы үш күнде тоқтап тұр. Ал зауыттың сыртында тұтушылары тапсырысын күтіп әлек. 50-ге жуық адам құрылыс материалына миллиондаған қаражатты алдын ала төлеп қойған. Бірақ кірпішті дер кезінде ала алмапты. Арасында тауарды бір айдан аса күтіп жүргендер де бар.

Мұхтар Әбитов, тапсырыс беруші:

- Міне, тамыздың 17сіне 6 220 800 теңге төледім. Осы уақытқа дейін маған төрттен бірін берді де, қалғанын берген жоқ. Мен Жетісу-3-тен он қабатты үй соғып жатырмын. Келесі жылы мамырда өткізуім керек. Уақытысында оны өткізе алмасам, осылай кірпіш бермесе, не істеймін? Не бетімді айтамын?!

Жиналғандардың қолында ақшаны төлегені туралы түбіртек бар. Бірақ одан ешқандай пайда болмай тұр. Құрылыс материалын ұзақ күтіп қалған соң жұмыс тұралап қалған. Қыруар шығынға батып жатқанын айтады.

Ринат Ақшалов, тапсырыс беруші:

- Біз де материалдық шығынға баттық. Қыс келе жатыр, қар жауып кетеді ертең. Жұмысшылардың ақшасы бар, күтіп отыр. Жұмысшылардың күнігі тамағы бар. Оның ақшасын бәрін төлеп жатырмыз.

Бұлардың не ақша, не кірпішсіз қалуына кәсіпорын басшыларының жұмысшыларына жалақы төлемеуі себеп болып шықты. Зауыттағылар қыркүйек айына еңбекақы алмаған. Жұмыс беруші оларға 10 миллион теңгедей қарыз. Сондықтан жұмысшылар ақшасын алмайынша, зауыттағы дайын кірпішті сыртқа шығартпай отыр. Алайда нысанды жалға алып кәсібін жүргізген азамат мәселеге ғимарат иесінің келісімшартты бұзуы себеп дейді.

Сабыржан Қасымов, кірпіш зауытының директоры:

- Бұл зауыттың қожайыны бар. Зауытты біз жалға алып отырмыз. Үш айға шарт жазып келістік. Енді бұл кісі бізге шартта жоқ нәрсені жаса деп отыр. «Мынаны жаса, ремонт жаса, асфальт жаса, қоқыс шығар». Ол шартта жоқ. Ол кісі бізді сыртқа шығарып отыр. Сыртқа шығарып, кірмейсіңдер дейді. Оған құқығы жоқ. Сол үшін сотқа беріп жатырмыз.

Нысан иесі «жұмысшылардың айлығын төлесе ғана ішке кіргіземіз» деп отыр. Бүгін ушыққан мәселеге Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары, прокурорлар мен полицейлер араласты. Алайда даудың шешімін олар да таба алмады.

Тұтынушылар бүгін зауыттың алдында сағаттап тұрса да, тауарларын сол күйі ала алмады. Кәсіпорынның 150-ге жуық жұмысшысының да жалақысы берілмеді. Нысанды жалға алушы олардың маңдай тер ақысын 1-2 күннің ішінде төлеп, мәселені түбегейлі шешіп беруге уәде етті.

Ал ашулы халық уәде орындалмаса, әңгіме басқаша өрбитінін ескертіп тарқасты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде