Алматы: Асқазанынан жарты келі кокаин шықты
Алматы әуежайында жолаушылардың бірінің асқазанынан жарты келі кокаин шықты. Ішінде есірткінің ірі партиясы жасырулы жатқанын құзырлы органдарға жігіттің өзі айтуға мәжбүр болған.
14.10.2019
Дубай-Алматы рейсінен түскен бойда жолаушының іші ауырып дәрігер шақыртуға тура келіпті. Ауруы шыдас бермеген соң жігіт асқазанында жарты келі кокаин алып келе жатқанын жасырмай айтқан. Алматы тұрғынының айтуынша, оны бұл іске өзінің туысқан әпкесі тартқан екен. Ал жарты келі ақ ұнтақты ол Бразилияда жұтқан. Содан Біріккен Араб Әмірліктері арқылы Қазақстанға әкелген беті екен. Қып-қызыл ақша тұратын тауар әрі қарай Түркияға жеткізілуі тиіс болған. Ал кокаинды есірткі тасымалдаушылар капсула іспеттес етіп, целлофанға орап, сыртын скочпен қаптапты. Бразилиялық қылмыскерлермен ауызжаласқан әпкелі-інілі ұзақ мерзімге сотталды.
Абай Жарылқасын, Алматы қалалық соты баспасөз қызметкері:
- Мұрат Сатыбалдиев пен Ләззат Құрманбаева ҚКнің 286-шы бабы 3ші бөлігінде көрсетілген 297 бабының 4-бөлігінде көрсетілген қылмыстарды жасауда кінәлі болып танылды. Түпкілікті оларға 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!