ШҚО: Тікұшақтағы табиғат қорғаушылары небір сұмдықтың куәсі болды
Шығыс Қазақстанда табиғат қорғаушылар заңсыз балық аулушыларды қуамыз деп жүріп ешкім естімеген жаңалық ашты. Облыстағы өзен-көлдерді тікұшақпен шолып шыққандар даладан алып қазаншұңқыр байқапты. Орманшылар бұл жерге белгісіз ұшу аппараты құлаған деп отыр. Соның кесірінен өрт басталып, 80 гектар аумақ күлге айналған.
Автор: Диас Нұрақын
14.10.2019
Шығыстың ормандарын бес күннен бері көк түтінге көміп жатқан өрттің неден тұтанғаны белгілі болды. Тікұшақпен қызыл жалын жайлаған аумақты шолып шыққан орманшылар алып қазаншұңқырды байқаған. Мамандар мұнда белгісіз ұшу аппараты құлаған деп топшалап отыр. Алайда өрт сөндірушілер ол жерге жақын бара алмапты. Десе де көктен келген кесапат 80 гектар аумақты күлге айналдырды.
Кеңесхан Көшербаев, Қатонқарағай ұлттық паркі директорының орынбасары:
- Өрттің кету себебі, аспаннан бір космостық құрал құлады. Оны көрген ауылдың халқы бар, инспекторлар бар. Құлағаннан кейін өрт басталды.
Тілсіз жаудан 19 гектар орман мен 60-гектарға жуық қураған шөп өртеніп кетті. Оны сөндіруге 100-ден астам маман тартылған. Олардың жартысы атпен, жартысы тікұшақпен жеткізіліпті. Қазір қызыл жалын ауыздықталғанымен, бықсыған ағаш тамырлары әлі толық сөнбеген.
Мамандар белгісіз ұшу аппаратының құлаған жерін көрдік дегенімен, жатпланеталықтарды жүздестірмепті. Есесіне олар тікұшақпен орман-суларды шарлап жүріп заңсыз балық аушыларды тапқан. Браконьерлер Марқакөл мен Бұқтырмадан Қызыл кітапға енген балықтарды заңсыз аулаған екен.
Мұндай рейд айына 1-2 рет ұйымдастырылып тұрады. Бұл жолы балықшылар қармағын арқалап құр қол қайтса, орманшылар олжалы. Өйткені олар бұрын-соңды ешкім көрмеген белгісіз ұшу аппаратының құлаған жерін таптық деп мәз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!