Бейнеу полигонында жарымжан болған сарбаз айыппұл төлеуі мүмкін
Жарылыстан жарымжан болып қалған сарбаз айыппұл төлеуі мүмкін. Жауынгер Сергей Кошелев осыдан үш ай бұрын Бейнеудегі полигонда ауыр жарақат алған. Яғни, оқу-жаттығу кезінде әскери граната жарылып, қолы мен көзінен айырылыпты. Алайда тергеу нәтижесі бойынша оқыс оқиғаға Кошелевтің өзі кінәлі деп танылған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
15.10.2019
Сергей Кошелев, зардап шегуші:
- Оқиға методикалық сабақ кезінде болды. Оқу-жаттығу жасайтын жер болғандықтан, әскери оқ-дәрі болмауы керек. Алайда онда граната жатты. Мен қызығып, оны қолыма алып, тіспен сақинасын шештім. Сосын гранатаны алдыма тастадым. Сол кезде «сапқа тұрыңдар» деген бұйрық келді. Бұрылғаным сол еді, жарылыс гүмп ете қалды. Мен оны әскери граната деп ойлаған жоқпын.
Оқыс оқиғадан соң Сергей екі жарым ай бойы емделген. Ауруханадан шыққанда бір өлімнен аман қалған сарбаз 6 миллион теңгеден аса айыппұл арқалайтынын тергеушілерден естіген. Бұл ақшаны әскери бөлімге залал келтіргені үшін төлеуі керек екен. Алайда бала кезінен әскери қызмет етуді армандаған азамат тергеу қорытындысымен келіспейді. Өйткені оқу-жаттығу жасайтын жерде әскери граната болатыны туралы оған ешкім ескертпеген. Сондықтан енді өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге кіріспек. Ал Қорғаныс министрлігіндегілер тергеу нәтижесін күтуді сұрап отыр.
Нұрлан Ермекбаев, Қорғаныс министрі:
- Әзірге тергеудің толық қорытындысы шыққан жоқ. Сондықтан ештеңе айта алмаймын. Бірақ, әртүрлі болжам бар. Оның ішінде сарбаздың қауіпсіздік ережесін сақтамағаны да қарастырылуда. Егер осы нұсқа расталса, әскери бөлімнің шығын көлемін талап етуге құқы бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!