Алматыда тағы да құбыр жарылып, бірнеше көлікті зақымдады
Алматылықтар бүгін тағы құбырдың қайнаған суына күйіп қала жаздады. Бұл жолы да тозығы жеткен жылу құбыры жарылды. Көшенің қақ ортасында атқылаған ыстық судан маңайдағы жұрт қашып үлгерген. Бірақ бүлінген көлік көп. Қайнаған сумен бірге ұшқан тас кесектері тұрақта тұрған бірнеше машинаны зақымдаған. Жылу маусымы алдындағы тағы бір жарылыс жайында КТК тілшісі толығырақ айтып берді.
Автор: Аруна Ортай
15.10.2019
- Қараңдар, қандай биікке кетіп жатыр! Асфальтті тесіп шыққан ғой! Асфальтты жақында ғана салып еді! «Көп көрдің ба, Сәулемай!» деші!
Қайнаған суға қарап, жұрттың қалжыңдайтын жөні бар. Өйткені тура осы жағдай кеше де болған. Арада тәулік өтпей жатып тағы қайталанды. Жер астында жатқан құбырдан бар тегеурінмен атқылаған ыстық су тас жолды тесіп өтіп, маңайдың бәрін көлдетті. Абырой болғанда 65 градустық ыстыққа адам күймеді. Есесіне, бүлінген көлік көп.
Мырза Жүсіпов ұры-қарыдан сақтанып, көлігін күнделікті автотұраққа қойып жүрген екен. Қайнаған сумен бірге тас кесектері атқылап, көлігін шұрық-тесік етіпті.
Мырза Жүсіпов, зардап шегуші:
- Міне, алдыңғы әйнегі сынған! Біреуі, екеуі, міне, жарылған! Капоттың үсті, мінекей, көрдіңіз бе? Мына жерге тиген! Жұмыс істеп жүрген көлігім. Зейнеткерміз бәріміз де, азмаз жұмыс істейміз, оқушыларды тасимыз дегендей.
Салтанат Жұмаділова да бүгін жұмысынан кешікті. Тас кесектері оның да көлігін зақымдаған. Машинасының іші де малмандай су.
Салтанат Жұмаділова, зардап шегуші:
- Таңертең телефон соққан соң шықсам, мынадай оқиға болыпты. Артқы әйнегінің бәрі сынған, төбесі майысқан, алдына дейін әйнегін тесіп кеткен әйнегін. Көліксіз қалдым десем де болады. Мынаны жөндеп бергенше... мынадай көлікпен қалай жүресің енді.
Соғылмай бүлінген көліктерге жол полицейлері келіп қағаз толтырды. Ал жылу маусымы басталмай жатып жанжалға қалған жылу берушілер «құбырлар ескірген» деп жылдағы жырын қайталады.
Ян Гирин, Алматы қаласы жылу-энергетикалық кешені кәсіпорындарының ресми өкілі:
- Мұндай жағдайлар болып тұрады. Себебі, бұл техника. Бұл темір. Ал құбырға келсек, ол 1997 жылы салынған. Яғни, 22 жылдан бері тұр. Бұлардың қызмет ету мерзімі 25 жылға дейін ақ. Сол себепті тесіліп қалуы таңқалатын жағдай емес.
Дегенмен жылу берушілер жұртты «жауратпаймыз» деп сендірді. Алматылықтар оны бүгіннен бастап сезіне бастауы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!