Елімізде медицина саласында не өзгеруі мүмкін?
Елімізде шетел азаматтарына ағза ауыстыру операциясын жасауға тыйым салынатын болды. Үлкен жанжалдан кейін трансплантология саласын қатаң бақылауға алған Денсаулық сақтау министрі осындай бастама көтерді. Мәжілісте жаңа заң жобасын таныстырған министр Елжан Біртановтың өзге ұсыныстары қандай? Медицина саласында не өзгеруі мүмкін?
Автор: Досжан Маратұлы
17.10.2019
Елімізде 10 жыл бұрын қабылданған «Денсаулық сақтау туралы» кодекс түбегейлі өзгереді. Жаңа заң жобасын Мәжілісте Денсаулық сақтау министрі таныстырды. Ондағы нормалардың біріне сай, енді қызылшаға қарсы екпе алмаған ұл-қыздар балабақшаға қабылданбауы мүмкін. «Басқа амал жоқ», - дейді министр. Өйткені жыл басынан бері 15 бала қызылшадан көз жұмған.
Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі:
- Оның себебі ең үлкен қауіп балабақшада. Себебі 7 жасқа дейін баланың имунитеті өте төмен. Сол үшін балабақшаны ойлап отырмыз. Бірақ әрі қарай да бұл мәселені талқылаймыз. Мысалы, мектепке барғанда да балалар ауырып келуі мүмкін. Ол – вакцина алмаған балалар.
Біртанов жолдағы өлімнің артуына да алаңдаулы. Сондықтан жүргізуші куәлігін бермес бұрын азаматтарды алғашқы медициналық көмек көрсету курсынан міндетті түрде өткізу керек деп отыр.
Жаңа кодексте шетел азаматтарына ағза ауыстыру операциясын жасауға тыйым салу мәселесі де қамтылған. Бұған жақында «шетелдіктің ағзасын заңсыз кесіп алды» деп айыпталған танымал трансплантолог дәрігердің ұсталуы себеп.
Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі:
- Шетел азаматтары келіп ағзасын қазақстандықтарға береді. Немесе біздің елдің азаматтары шетелдіктерге ағзасын береді. Нотариуста келісімін алып, ота жасай береді. Қазір бұған тыйым жоқ. Дегенмен бұл келісіммен болып жатыр ма, әлде бизнес пе, ажырата алмаймыз. Сондықтан тыйым салу керек.
Жалпы заң жобасында халықтың денсаулығын арттыруға бағытталған нормалар жетерлік. Мәселен, министр ана мен баланың өлімін азайту үшін келіншектердің жауакершілігін арттыруды көздеп отыр. Өйткені, Біртанов денсаулығына жүрдім-бардым қарайтын жүкті әйелдер көп дейді. Бірақ босанғанда қайғылы жағдай болса, туыстары дәрігерлерді кінәлауға әуес дейді министр.
Шылым шегіп, алкогольді ішімдік ішетіндермен де мықтап күреспек. Мектеп, балабақшада ғана емес, түрлі мекеме мен кәсіпорындарда дене шынықтыру минуттарын енгізуді жоспарлап отыр.
Сондықтан жұмыстан шаршаған қызметкерлердің арасында бой жазып, қан жүгіртіп алуына мүмкіндік болмақ. Әрі денсаулығын қаратып емделуге жұмыстан 5 күн демалыс берілуі мүмкін. Дегенмен мұның бәрі әзірге ұсыныс қана. Заң жобасы әлі талай талқылаудан өтуі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!