Онлайн-несие! Интернетте қарыз беретіндер аңғал жұртты алдап жүр
Несиенің жыры таусылмайды. Елімізде интернет арқылы қарыз беретін шағын ұйымдар Ұлттық банктің ережесін елемей, аңғал жұртты алдап жүр. Бір жыл бұрын «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңға өзгерту енгізіліп, мұндай компаниялар жылдық үстемені 100 пайыздан асырмауы тиіс болатын. Алайда онлайн-несие беретін ұйымдар жұртқа мың пайызға дейін ақша таратып, алаяқтық жолмен пайда табуды тоқтатар емес.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
17.10.2019
Бет-жүзін көрсетпеген Жандос онлайн-несиеден опық жеген азаматтардың бірі. Жақында қаржыдан қысылып ғаламтор арқылы жылдам ақша беретін ұйымнан 100 мың теңге алыпты. Бірақ қарызды бірнеше айға кешіктірген. Сол үшін екі жүз пайыз үстемақы төлеп, ашкөз фирмаларға жоламайтындай болған.
Жандос:
- Жүз мыңдай алғам. Үш айда 350 мыңдай қайтарып бердім. Белгілі себептермен бірден құюға жағдайым болмады. Қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиетін сома. Күнделікті өсімі 2500 теңге, яғни 2,5 пайыз. Таныстарым, достарым осылай ақша алып жүрген.
Бүгінде онлайн-несиеге жүгінетін жандардың қарасы қалың. Өйткені мұндай ұйымдардан ақша алу жылдам, әрі оңай. Ұлттық банк өткен жылы ақшаны ғаламтор арқылы оңды-солды тарататын фирмаларға жылдық пайыздық мөлшерлеме 100 пайыздан аспауы тиіс деп бекіткен. Алайда ережені елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Мақсат Сералы, экономист:
- Микроқаржы орталықтары міндетті түрде лицензия алады. Олардың лицензиясын алу керек. Шағым түсті, прокуратура бекітті. Ұлттық банк оның лицензиясын алуға құқылы. Бұларды қадағалауды күшейту қажет. Арнайы құзыретті орган бар – Қаржылық қадағалау агенттігі. Соны жандандыру керек.
Елімізде онлайн-несие берумен заң бойынша тек 15-ке жуық фирма айналысады. Бірақ ғаламторда жылдам ақша беретін шағын банктердің жарнамалары мен-мұндалап самсап тұр.
Экономистер клиенттердің құқығын таптап қалтасын қағатын несие беретін ұйымдарды «жаппай жазалау керек» дейді. Құзырлы орган тарапынан қадағалау жоқ. Сарапшылар жұртқа аз ақша беріп, оны жүз еселеп өнідіріп алатын компаниялардың әрекетін алаяқтыққа теңеп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!