Щучьеде қыс алдында сау құбырды ауыстырып, жұртты батпаққа батырды
Щучьеде балшыққа белшеден батқан тұрғындар айғайға басты. Қаладағы ең үлкен алты бірдей көпқабатты үй орналасқан аула адам аяқ алып жүре алмастай жағдайға жеткен. Қоршаулары жұлынған, асфальттің ізі де жоқ. Жұрт әкім-қаралардың қыс түсерде сау құбырды ауыстырып белсене кеткеніне аң-таң. Сөйтсе мемлекеттен миллиардтар бөлінген екен. Жергілікті биліктің қаржыны игеруге асыққаны сондықтан.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
18.10.2019
Жұрт қымтанып қысқа әзірленген шақта щучьеліктерге күтпеген жағдай болды. Ауыр техника келіп аулаларды астан кестен етіп қаза бастаған. Кәріз құбырын тартпақшы. Қар аралас жаңбыр жауып, қазып алынған топырақ ми батпаққа айналды.
Мидай езілген саз балшықты былай қойғанда, суға толы шұңқырлар көбейіп кеткен. Бұның бәрі кәріз құбырын тартамыз деп қазылғаннан кейін пайда болған. Қарттар мен бала-шағаның жүріп-тұруы мұңға айналды. Дәл жанындағы мектепке баруға оқушылар қияметтің қыл көпірінен өтеді. Қыс түскенше жағасы жайлауда жүрген әкімдер енді жыл аяғында ақшаны игеруге асығып жатыр-ау, - дейді ашынған жұрт.
Алексей Апольков, Щучье қаласының тұрғыны:
- Ешкім ештеңе істемейді. Бақылайтын да жан жоқ. Әкімдерді ауыстырады да жатады. Келеді, кетеді, түк бітірмейді. Соншама баймыз ба, қосымша кәріз құбырын тартып қоятын. Біздің құбырымыз жаман емес. Не сұмдық мынау?! Астын үстіне шығарып ластады да кетті. Адам тұрмай ма бұл жерде?
Құрылыс компаниясы асфальтты қырып, қоршауларды лақтырып тастапты. Тұрғындарға кәріз құбыры тартылатынын ешкім ескертпепті де. Толарсақтан саз кештік деп жұрттың айғайға басып көшеге шыққанын естіген қала әкімі де келіп жетті. Ми батпаққа туфли киіп келген әкім құбыр аса ескі емес екенін білмейтін болып шықты.
Қала әкімі Бегахмет Махметов келер жылы қаржы бөлінсе аула күрделі жөндеуден өтуге тиіс дейді. Бірақ, әлі сметалық-жобалау құжаты әзір емес екен. Ал қазір 2021 жылға дейін 87 шақырым кәріз құбырын тартуға мемлекеттен 1,5 миллиард теңге бөлінген. Осы қаражатты игеруге құбырлардың жағдайын тексерместен ауыстыруға кіріскен сыңайлы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!