Елімізде 10 адам жынысын ауыстырып, жаңа құжат алды
Жігіт еді, әйел болды! Әйел еді, жігіт болды! Қазақстанда жынысын ауыстырған тағы 10 адам жаңа құжат алды. Әділет департаментінің мәліметінше, жаратылысына қарсы шыққандардың дені – әйелдер. Мемлекеттік қызметкерлер мүшесін ауыстырғандар құжат алуға келгенде не еркек, не әйел екенін ажырата алмағанын айтады. Дегенмен арасында бет-жүзі бұрынғы күйде қалғандары да бар. Елдегі әйелдерді азайтып, еркектерді ұлғайтқан 10 адам. Бұлар кімдер?
Автор: Аруна Ортай
18.10.2019
Пластикалық хирургияның құрбаны ма, әлде кереметі ме?
Қазақстанда соңғы он жылда 12 адамның жынысын ауыстырғанын бірі білсе, бірі білмейді. Оның бесеуі – еркек болудан бас тартқандар. Ал жеті әйел еркекке айналды. Енді олардың қатары тағы 10 адамға толықты. Жаратылысына қарсы шыққандар мүшесін кестірген бойда бірден Әділет департаментіне барған. Мұндағылар олардың бетін қайтара алмай, қолдарына жаңа құжат ұстатты.
Ләззат Садықова, Алматы қаласы Әділет департаментінің жетекші маманы:
- 10 азамат жынысын өзгерткен. Оның ішінде төртеуі, ер азамат әйел жынысына өзгерткен болса, алтауы, алты әйел ер жынысына өзгертілген. ҚКтің 257 бабы 13 тармағы бойынша, аты-тегін және жынысын өзгертуге құқылы. Яғни заң жүзінде рұқсат бар.
Әділет департаментінің қызметкерлері мүшесін ауыстырған адамды көргендегі таңданысын жасырмады. Айтуларынша, не еркек, не әйел деп айыру тіпті мүмкін емес екен. Бірақ бәрі бірдей емес. Арасында жынысы өзгергенімен, түрі сол күйінде қалғаны бар.
Жынысын ауыстырудан тайсалмайтын көбіне нәзік жандылар екен. Бейресми мәліметтерге қарағанда, еркекті әйел, әйелді еркек ететін мұндай оталар кем дегенде бес сағат жасалады. Күрделігіне, әрі аса қауіптілігіне қарастан, олар операциялық үстелге жатуға әзір.
Данияр Өрмырза – пластикалық хирург. Оның қолынан жылына кем дегенде 400 адам өтеді. Өз ісінің зергері жыныс ауыстырудан ота жасаған, тек алғашқы операцияларын ғана. Екі ұлға кеуде тігіп, екі қыздың анарын алған. Ал ең негізгі ота тек шетелде ғана жасалады дейді хирург.
Данияр Өрмырза, пластикалық хирург:
- Бұл отаның түрі өте күрделі. Оны жасайтын хирургтер тәуекелге барады. Еркекті әйел етуден гөрі, әйелден еркек жасау қиындау. Әрине, хирургтер ондай азаматтарды бірден қабылдамайды. Ол үшін арнайы тексеруден өтеді. Мамандардың қорытындысы керек. Ондай адам өмірбақи гормоналдық дәрі-дәрмектер ішеді.
Дәрігердің айтуынша, әйелдерге жалғанған протездер кәдімгідей қызмет атқара алады екен. Бірақ ондай материалдардың бағасы удай қымбат, екінің бірінің қалтасы көтермейді. Хирург мұндай оталар жүрек ауыстыру операцияларымен тең дейді, қаупі жоғары. Одан соң ондай азаматтар ата-ана болу бақытынан айырылады. Бірақ, соған қарамастан, жынысын ауыстырғандар елімізде 22 адамға жетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!