Жезөкшелер! Сарыағаштың қақ ортасындағы қонақ үй мен сауна жын-ойнаққа айналған
Жезөкшелерден мезі болды! Сарыағаш қаласының қақ ортасында қонақ үй мен сауна ретінде жұмыс істеп жатқан нысан бірнеше жылдан бері нағыз жын-ойнаққа айналған. Жұрт сонымен күресіп жүргенде қонақ үйдің қожайыны көшені жауып тастап, қосымша құрылыс салуды бастап жіберіпті. Наразы тұрғындар Сарыағаштағы бүкіл құзырлы орындарға шағым түсіргенімен, қыздар мен құрылыстың жұмысы қызбаса, бәсеңдеп жатқан жоқ.
Автор: Бек Әбиев
18.10.2019
Сарыағаштың қақ ортасындағы «Айсберг» қонақ үйін халық жезөкшелер ордасы ретінде таниды. Кештен таңға дейін қысқа киінген сылқымдар мен шөлмектертің сыңғыры, еркектердің былапыт сөздерін естиміз дейді тұрғындар. Ел сөзін нақтыламаққа қонақ үйге кіргіміз келген. Бірақ әкімшімен домофон арқылы тілдестік.
- Саламатсыз ба. Клиент қой.
- Бос емеспіз, бос емес.
- Қашан босайды?
- Ой, сағат 5те босайды.
- Жоқ, қыздар бар ма?
- Бар, бірақ 5-тен кейін келіңіз.
- Бізге үш қыз керек еді.
- Үш қыз болғанда... сағат 5-ке дейін алғанда қыздарды.
Елдің айтуынша, мұнда ақылы махабат ұсынатын кем дегенде 8 қыз бар. Көруге көз ұялып, естуге құлақ қызаратын әрекеттерден ұяла-ұяла ашуға булыққан жұрт әкімдерден полицияға дейін жазып, нәтиже шығара алмай жүр. Сөйтсе қыздар тексерушілер әрекетін көрші дүкеншілерге айтып береді екен.
- Біраз мемлекеттік қызметкерлер келді. Бізге салық салды, 25 мың теңгеден, біз, сегіз қыз 200 мың теңге бердік. Бізді жаппайды.
Жаппақ түгілі, қонақ үй қожайындары көшенің бойын жер учаскесі ретінде рәсімдеп, көшені жауып тастаған. Сөйтіп жыл басынан бері қонаүйге жапсарлас зәулім ғимарат салып жатыр. Ал тұрғындар қаланың бас жоспарын көрсетіп, бұл өтпелі көше екенін көрсетіп әлек.
Гүлжанат Кәдешова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:
- Қыздардың күлкісі, шуылы, шыңғырған дауысы мазамызды алып бітті, үш жылдан бері. Одан бері мына жерді жауып қойды шифермен. Су ақса, жаңбыр болса, қар болса, есігімнің алды суға толады. Бұның еш амалын таба алмадық. Әкімшілікке бардық, қалалық әкімшілікке бардық.
Тұрғындардың сөзінше, қонақ үй қожайыны Нұрполат Байғозиев – Сарыағаштағы кеден қызметінде беделді қызметкер екен. Лауазымды, һәм қалталы қожайындар шағымданушы көршілерге «арызданбаңыздар» деп тіпті ақша да бергісі келіпті.
Мән-жайды білмекке қонақ үйге тағы келгенбіз. Бірақ бұл жолы да ешкім нсік ашқан жоқ. Есесіне, түсірілім тобына өзін Нұрполат Байғозиевпін деп таныстырған кісі өзі қоңырау шалды. Айтуынша, қонақ үй жалға берілген, сондықтан жезөкшелер туралы білмеймін дейді. Ал іргелес жерге өзі мейрамхана салып жатыр екен.
- Менің құжаттарым, құрылысқа рұқсат бар.
- Қандай рұқсатыңыз бар? Қашан алдыңыз?
- Шешім бар.
- Қандай шешім, кім берген?
- Қала әкімшілігі берген. 2019 жылы ақпанда. Бұл жер цех болып бөлінді де, жерді маған берді. Ал мен одан кейін мақсатымды ауыстырып, халыққа қызмет көрсету несі деп өзгертім.
- Халыққа қандай қызмет көрсетіп жатсыздар? Қыздардың ба?
- Жоқ, сен басқа жаққа кеттің ғой, моншаға менің қатысым жоқ, мен ғимаратты айтамын.
Кеденшімен сөйлесіп ауыз жиғанша, қонақ үйге бірқатар құзырлы орындардың қызметкерлері жетті. Сәулет-құрылыс мамандары кеденшінің сөзін жоққа шығарады. Яғни мұнда ғимарат салуға қожайынның ешқандай да құқы жоқ екен. Алайда кеденшіге сарыағаштық биліктің сөзі жүрмейтіндей. Сондықтан Сарыағашта әділдік жоқ деген тұрғындар бұл мәселеге Кеден комитетінен бастап Бас прокуратураға дейін назар аударуын сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!