Табыс-Ақтөбе! Коммуналдық мекеме зағип зейнеткерді сотқа берді
Ақтөбеде комуналдық мекеме терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен жатақханада тұратын зағип зейнеткерді сотқа берді. Жетпістен асқан Мәдина Қалиеваның мойнына компания 700 мың теңгені іліп қойыпты. Зейнеткер сапасыз жөндеуге бір тиын да төлемеймін деп бекінген. Кейуананы көршілері де құптап отыр. Тараптарды КТК тілшісі тыңдады.
Автор: Жаңалық Ахаш
21.10.2019
Қос жанары көрмейтін Мәдина әжей әу баста тероможаңғырту бойынша жатақхананы жөндеуге қарсы болыпты. «Әйтсе де, сөзіме құлақ асқан ешкім болмады» - деп ашынады. Енді комуналдық мекеме жөндеуге кеткен 700 мың теңгені талап етіп отыр. Сапасыз істелген жұмыстарына бір тиын да төлемеймін дейді мүгедек зейнеткер.
Мәдина Қалиева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- 700 мың теңгені төлейсің деп сотқа беріпті. Мен ешқандай ештеңе істегем жоқ. Төлемеймін. Бір тиын да төлемеймін. Шынымен дым істемеген. Айтып отырмын ғой. Бір қағаз да жабыстырмаған.
Кейуананың көршілері де теможаңғырту бағдарламасымен жүргізілген жөндеуге көңілі толмай отыр.
- Құлап жатыр, су ағып жатыр. Бір күні құлайтын шығар.
Жатақхананы жөндеуге қазынадан 37 миллион теңге бөлінген. Осы ақшаға төбеден бастап, кәріз құбырларын жаңалап, үйдің іші-сыртын сырлау керек екен. Оны құрылысшылар «жүрдім-бардым істеді» дейді.
Алдажар Баламбетов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Қалай болса, солай істелген. Қараңыз, қандай нәтиже бар? Нені алмастырмаған? Сантехниканы, еденді, есіктерді, кәріз құбырын ба? Совет үкіметінен бері жатыр. Өйтуге бола ма? Халықтың бәрін 15 жылға тақырға отырғызды.
Тұрғындар енді терможаңғырту бойынша жүргізілген жөндеуге он бес жыл бойы ақша төлеуі тиіс. Комуналдық мекемеден тендер ұтқан мердігер өздеріне шаң жуытпайды. Керісінше, тұрғындарды кінәлап отыр.
Сүлеймен Ахметбеков, мердігер компанияның директоры:
- Қаншама істі бейнеттеніп бәрін жасап бердік. Оның ішінде біреудің сыртынан жамандауға құқығым жоқ. Бірақ та ондағы тұрғындардың менталитеттері өспей қалған. Оның ішінде адамдардың өзі қазір істеп кетеді. Бүгін істеген нәрсені ертеңіне жарға жығып не болды? Жазда ғана бітірген жұмыс.
Ақтөбедегі терможаңғарту бағдарламасымен үйлерді жөндеуге «Табыс-Ақтөбе» комуналдық мекемесі жауапты. Ондағылар мердігер компанияның қызметі ұнамаса, бізге келіп шағымдансын деп отыр. Бірақ жөндеу жұмыстары сәтті бітті деп акт қабылдап алған да – солар. Ақша талап етіп сотқа сүйреп жүргендер де – солар. Ал төлемге қарсы тұрғындар тек сотта жөндеудің сапасыз екенін дәлелдесе ғана қаржылары қалтасында қалмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!