Қарағандыда удай мас Лексус жүргізушісі 5 көлікті соқты
Қарағандыда араққа сылқия тойып алған жүргізуші Лексусымен бес көлікті бір-ақ соқты. Удай мас азамат содан кейін машинасында ұйықтап қалған. Ауладағы көліктерді бүлдірген 49 жастағы қарағандылық алғашында машинасынан шығудан бас тартыпты. Кейіннен полицейлерге қарсылық көрсетіп әбден қиғылық салады. Соққыны ең бірінші алған Ладада бір еркек пен әйел болған. Ер адам жеңіл жарақатпен құтылса, 29 жастағы әйел әлі ес-түссіз жатыр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
21.10.2019
Лексусты тақымдаған жүргізуші Республика даңғылынан бері қарай қатты жылдамдықпен жүйткіген. Аулаға кір бергенде жолдың қырында қаз-қатар тұрған көліктерге соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, үйдің басына дейін тұрған көліктердің барлығы бүлінген.
Апат орнына полиция жеткенімен, бес көлікті талқандаған Лексустың иесі қызметкерлерді елеген де жоқ. Телефон арқылы әлдебіреумен сөйлесіп отырған оны қызметкерлер сүйреп алып шықты. Алайда бес қадам аттамастан белгісіз екі адам жетіп, оны полцияның қолынан жұлып алмақ болды.
Патруль қызметкерлерін балағаттаған жүргізушіні полицейлер елдің наразылығынан кейін ғана әрең дегенде көлікке мінгізді. Өзін соншалықты еркін сезінген адамның кім екенін олар да айтпай отыр. Ал соққы алғашқы боп тиген Ладакөлігінің ішінде тізгінді ұстаған 25 жастағы жігіт пен 29 жастағы әйел отырыпты.
Алексей Горковенко, оқиға куәгері:
- Тасталқаны шыққан ладаның ішіне үңілсем, екі адам жатыр. Қан жоса болған. Құтқарушылар тез келді. Көліктің темірін кесіп, алдымен жігітті, кейін ес-түссіз жатқан әйелді шығарды. Екінші тұрғаны менің көлігім еді. Оның да сау-тамтығы ды.
Абырой болғанда қалған көліктерде ешкім болмай, кешкі қарбаласта жолда адам жүрмеген. Ал көлікте жаншылған әйелдің жағдайы әлі ауыр.
Талғат Жүкен, травмотолог:
- Әйел адамның қол аяғы мен басқа дене мүшелері сынған. Ең ауыры – омыртқа сынығы. Бірінші отаны жасадық, жағдайы бір қалыпты ауыр. Өмірін аман сақтап қалуға тырысып жатырмыз.
Полицияның мәліметінше, араққа тойып алып апат жасаған жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оны полицейлерден тартып алмақ болған екеу әкімшілік жазаға тартылды. Ал көліктері бүлінген тұрғындар қүнын қайтіп өндірерлерін білмей дал. Себебі, мас күйінде жол апаты жасалған жағдайда, сақтандыру компаниясы өтемақы төлемейді. Мүлкі қирағандар енді тергеу ісінің аяқталуы мен соттың шешімін күтуге тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!