Әйелін атып өлтіріп, бес жасар ұлын жаралады
Әйелін атып өлтірді. Елордада әйелімен жанжалдасқан азаматтың ашуы осындай қылмысқа итермеледі. Белгілісі, атып өлтіргені бесінші әйелі екен. Келіншек сол жерде жан тапсырған. Ал үйде алтыншы әйелінен туған 5 жасар баласы болыпты. Қаңғыған оқ оны да жанап өтіпті. Бала қазір ауруханада жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
21.10.2019
Тоғыз қабатты үйдегі 22-пәтердің есіктеріне криминалдық полицияның мөрі басылып, қағаз жапсырылған. Мүлгіген тыныштық орнаса да, кеше түнгі 10 жарымда болған қанды оқиғадан көршілердің бәрі хабардар. Осында тұратын үлкендердің бірі Галина Латыпов бұл отбасын жақсы таниды. Алғаш барып жағдайды өз көзімен көрген де осы кісі.
Галина Латыпова, оқиға куәгер:
- Ішке кірсем, оң жақта баласы Ілияс отыр. Арғы жағында әйелі жатыр. Ал ол қолында мылтық ұстап тұр екен. Мылтығын қолынан алдым да лақтырып жібердім. Сосын дереу баласы Ілиясты сыртқа алып шығып отырғыздым.
Куәгердің айтуынша, әйел етпеттеп құлаған күйі жатқан. Полиция мен жедел жәрдемді шақырған да осы кісілер.
- Шығып қарасам, бала жылап жатыр. Мына жерге отырғызып қойыпты. Аана кісіні жаман деп айтпаймын. Жақсы кісі, Сәкен аға. Үлкен, толық келген кісі. Кәдімгідей амандасып кіріпшығып жүретін кісі.
Тіршілігі бұйығы тыныш ауданда болған оқиға осындағы дүйім елді дүр сілкінтті. Үйдің тұрғындары көршісі Сәкенді арагідік ішетіні болмаса, ақыл-есі түзу, мінезі салмақты адам ретінде таниды екен. Айтқанына сенсек, бұрын полиция қызметкері болған. Алайда осы қанды оқиғаға көршілері арақтан бұрын, басқа себепті болжап отыр.
Себебі 59 жастағы кісі осымен алтыншы рет әйел алған екен. Үш бөлмелі пәтерінде соның бесіншісімен тұрып жатыпты. Әйелінен бөлек бесінші және алтыншы әйелдерінен тапқан екі ұлы болған. Оқтан жараланған бала сол алтыншысынан тапқан 5 жасар бала. Көршілері бұл кісіні қару қолдануға жеткізген – сол екі әйелі дейді.
Галина Латыпова, оқиға куәгері:
- Қасына барғанымда олар менің түбіме жетті деумен болды. Сол бесінші және алтыншы әйелдері оның екі жақтап есін шығарған. Солардан шаршаған кезде ішіп кетеді.
Ер адам қазір тергеуге алынған. Ал баласына ота жасалып, қазір анасымен бірге ауруханада жатыр.
Біржан Досмайылов, Нұр-Сұлтан қаласы №2 балалар ауруханасының бас дәрігері:
- Шұғыл түрде баланы жан сақтау бөліміне жатқызып, дайындыққа өткізгеннен кейін шұғыл лапроскопиялық операция жасалды. Қазір жағдайы тұрақты орташа. Өміріне еш қауіп жоқ. Қазір хирургия бөлімшесінде анасының қасында жатыр.
Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Қару кезенген азамат бұрын полицияда жұмыс істеген деп ақпарат тараған. Алайда қалалық полиция департаменті мұны жоққа шығарды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!