Түркістан: Береке тұрғындары өз үйіне тіркеле алмай жүр
Шаң мен лайдан арылмаған оқушылар! Түркістан облысында ауыл жұрты жолдың жоқтығынан шаршадық деп шағым айтты. Тағы бір түйткіл, Сарыағаш ауданына қарасты Береке елді-мекенінің тұрғындары өз үйіне тіркеле алмай зарығып жүр. Себебі, шекарасы нақтыланбаған дейді жұрт. Соның салдарынан ұл-қызын мемлекеттік емханаға да көрсете алмайды.
Автор: Бек Әбиев
22.10.2019
Сарыағаштың әйгілі шипажайларына іргелес жатқан Береке ауылында береке болмай тұр. Себебі, жарығынан бастап жекеменшікте. Әр киловатына өзге өңірлермен салыстырғанда қымбат төлейді. Ал құбыры жүргізілсе де не су, не газ атымен жоқ. Тұрғындар тіршілік нәрін трактор жалдап шалғайдан тасып ішуге мәжбүр. Үш тонна лай суға 3 жарым мың теңге төлейді екен.
Болдықыз Шырынбекова, Береке ауылының тұрғыны:
- Былтыр көктемде қуандық, құбырдың бәрін әкеліп біз жаққа үйді. Алты ай өтпестен сайлау болатын кезде құбырдың бәрін алып кетті. Ққұбырдың орнының бәрі тесік. Анау да түседі, бала да түсіп кетеді.
Құбыр төсегендер онсыз да жаман жолды «шұрқ тесік етіп кетті» деген жұрт оқушы ұл-қызын аяйды. 500-ге тарта шаңырағы бар үлкен ауылда жалғыз мектеп бар. Оған жетуге құрғақ мезгілде балалар май топырақпен, ал көктем мен күзде балшыққа батып баруға мәжбүр.
Болдықыз Шырынбекова, Береке ауылының тұрғыны:
- Қиналып барады. Арбамен апарамыз, велосипедпен апарамыз, әйтеуір амалдап апарамыз.
- Қанша шақырым жүресіздер мектепке?
- Үш шақырым.
Бұларды қинайтын тағы бір мәселе – Береке ауылындағы үйлердің құжаты жоқ. Яғни елді-мекеннің шекарасы осыған дейін бекітілмей, содан тұрғындар жан-жақтағы туысының үйіне тіркелген екен. Енді тұрғылықты жері бойынша не емханаға бара алмай, не үйін сата алмай жүр.
Ақтоты Мырзаева, Береке ауылының тұрғыны:
- Берекеде тұрып жатқан адамдардың құжаты жоқ. Біреуі Қызылордада тіркелген адамдар бар осы жерде. Емханаға бару үшін жеке клиникаға баруға мәжбүрміз. Бізді қарамайды, тіркеуде тұрғанын қадағалайды.
Ауыл ортасында жұрт жиналып жатыр дегенді естіген соң полицияны ертіп, шаңдатып ауыл басшылары да келді. Олардың айтуынша, Берекенің шекарасын үш ай бұрын заңдастырыпты. Бірақ ауыл тұрғындарына бұл туралы айтуды ұмытып кеткен сияқты. Енді түйткіл болмайды деген әкім-қаралар ауылда нақты қанша адам тұратынын да білмейтін болып шықты.
Қанат Байболаев, Құркелес ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Береке ауылында қазір 115120 отбасы бар.
- Әй, ондай емес.
- Әу, бізде штатта тіркелген 115120 отбасы бар.
- Қайтіп тіркеледі. 800-ден аса халық бар.
- Заңдастыру несі бойынша елді-мекен шегіне биыл енді.
- Ары қарай проблема жоқ па?
- Проблема қалай кадастрлық тізімге кіргізіледі? Жылдың ақырына дейін мемлекеттік актілері шығады.
Ал су мен газдың мәселесі сотта жатыр. Яғни оны жүргізген компания мерзімін кешіктіріп, қазір аудан билігі онымен соттасуда. Енді асфальт төсеуді бірер күнде бастаймыз деп отыр. Биыл 10 шақырым жолды жасауға 147 миллион теңге бөлінген. Келесі жылға тағы 8 шақырымнан аса асфальтпен жабамыз деген атқамінерлер уәдені үйіп-төгіп жатыр. Ал мұндай уәдені үнемі естиміз деген халықтың басшылардың сертте тұрарына сенуден басқа амалы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!