Елбасы Жапонияда Украина президентімен кездесті
Жапонияның жаңа императоры таққа отырды. 59 жастағы Нарухитоны ұлықтау рәсімі өте қарапайым өткенімен, келген лауазымды қонақтарда есеп жоқ. Қадірлі меймандар қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бар.
22.10.2019
Император ретінде алғаш сөз алған Нарухито халық үшін және Жапония конституциясына сай қызмет етуге ант берді. Бұған дейінгі монарх Акихито қарттығына байланысты ел басқара алмайтынын айтып өз еркімен тақты үлкен ұлына босатып берген болатын.
Император сарайында өткен ресми шараның қауіпсіздігін 26 мың полицей қадағалады. Өйткені Нарухитоны ұлықтау рәсіміне екі мыңнан астам шетелдік қонақ шақырылыпты. Олардың қатарында президенттер мен түрлі халықаралық ұйым өкілдері бар.
Шараға мәртебелі мейман ретінде Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Елбасы ұлықтау рәсімінен кейін Украина президентімен кездесіп, Владимир Зеленскийді де жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастық пен сауда-саттықты дамыту туралы сөйлесті.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР тұңғыш президенті:
- Сіз 70 пайыздан артық сеніммен сайланған алғашқы президент болдыңыз. Қалаған нәрсені жүзеге асыруға Сізде барлық мүмкіндіктер бар.
- Рахмет Сізге!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!