Сириядан оралған содырларға қатысты сот отырысынан репортаж
Сириядан оралған содырлар сот алдында жауап бере бастады. 14 адам ауған жерінде арнайы әскери дайындықтан өтіп, Сирияда біріккен қазақ жамағатын құрып ұрысқа араласқан. Прокурор бір сағат оқыған айыптау актісінде одан өзге де ел естімеген оқиғалар жетіп артылады. Сириядан оралған отандастарымыздың алғашқы сот отырысына КТК тілшісі қатысып келді.
Автор: Ербол Тұрымбет
22.10.2019
ДАИШ лаңкестік ұйымының құрамында болып келгендерге қатысты бірінші сот отырысы. Сирияда ұрыстарды басынан өткергендердің тағдыры шешіліп жатыр. Сот алдында – 14 адам. Ең ересегінің 50-ден асса, ең кішісінің жасы 22-ге енді толады. Ол осыдан төрт жыл бұрын ата-анасымен бірге Сирияға кеткен.
«Жусан» операциясымен елге оралғандар мамыр айында түрмеге қамалған. Содан бері туыстарын сот залында бірінші рет көріп тұр. Айыптау орындығында отырған – 13 адам. Он төртіншісі ауыр жараланған. Денесінде төрт жарықшақ бар. Сотқа кереуетте жатқан күйі тікелей байланыспен қатысты. Анасы да оны біраздан бері алғаш көруі.
- Киімдеріңді алып келдім, не істейін? Қазір берейін бе, сосын берейін бе?
14 адамға тағылған айып көп – шетелдегі лаңкестік әрекетке қатысу, ұйымдастыру, терроризмге шақыру, тағысын тағылар. Өздеріне тағып алған лақап аттары да ерекше: Аббас, Абдулхафиз, Әбу Абдолла, Бабай, Салих Медик. Прокурор айыптау актісін бір сағаттай оқыды. «Кәпірлермен соғысамыз», «жұмаққа кірудің бірден-бір жолы» деп сол елге аттанғандар Сирияда қазақтардың арнайы жасағын да құрған.
Еділ Мұрат, прокурор:
- Қазақстан барған адамдардың Сирия аумағында қарулы джихадқа қатысуға аса ниетті екенін, олар араб тілін және жергілікті жердің ерекшеліктерін білмейтінін, материалдық, моральдық көмекке мұқтаж екенін өз пайдасына шешкен Бекмырзаев оларды «Дауд жамағат» террористік тобының мүшелерімен біріктіріп, нәтижесінде 2013ші жылдың күзінде Сирия аумағында «Біріккен қазақ жамағаты» террористік тобын құрып, оған басшылық еткен.
Бірнешеуінің тілі орысша болғандықтан сот үстінде аударып тұруға тура келді. Прокурордың айтуынша, көбісі алдымен ауған жерінде немесе сол жақта арнайы дайындықтан өткен. Оны өз тілдерінде «муаскер» дейді екен. Автомат пен гранатаны қолдану жолын үйреніп, қоян-қолтық төбелеске машықтанған. Ал прокурордың Ақмола облысының тумасы Аманжол Жансеңгіровке қатысты айтқанын атап өтпеске болмайды.
Еділ Мұрат, прокурор:
- Өздері кәпір санайтын төрт адамның басын кесіп алып, қала көшелерінің біріне жұрттың үрейін тудыру мақсатында жеті тәулік бойы іліп қойған. Террористік топ мүшесі Жансеңгіров адамның бастарының алдында тұрып, оның бірін аяғымен басып, қолына атыс қаруын ұстап тұрып суретке түсіп, ол ғаламтор арқылы көпшілікке тарап кеткен.
Алайда сот алдына келгендердің баршасы дерлік Сирияға барғанын, террористік ұрыстарға қатысқанын мойындағанымен, көп айыптаулармен келіспейді.
Абзал Амангелді, сотталушы:
- Мен Кодекстің 257нің екінші тармағымен келісемін, 260-пен келіспеймін. Өйткені мен әкеме айтқанмын. Ол кезде менің әкем айтты, «мен муаскерге қатыспаймын» деген кезде, әкем «қатыс, балам, ертең өзіңе керек болады» дегеннен кейін мен мәжбүрмен қатыстым.
Абзал 1997-ші жылы туған. Бес баласының үшеуі әйелімен келген, қалған екеуі өзінен туған.
Нұрлан Камалов, сотталушы:
- Тағылған айып түсінікті ме?
- Түсінікті, иә. Жарымжартылай келіспеймін.
- Қай жерімен келіспейсіз?
- Бірінші тармағымен келіспеймін.
- Ненің бірінші тармағымен?
- 257 баптың бірінші тармағымен келіспеймін.
- Қалғанымен?
- Екіншісімен келісемін.
«Біріккен қазақ жамағатын» басқарды дегенге мойынұсынбай тұр.
Айта кетейік, осымен үш рет жүргізілген «Жусан» операциясының негізінде Сирия, Ирак сынды террористік ұйымдардың соғысы өршіп тұрған елдерден 600-дей отандасымыз елге жеткізілген. Оның 400-ден астамы – балалар. Соның ішінде ер азаматтарға қатысты өтіп жатқан алғашқы сот отырысы осылай басталды. Оның ұзаққа созылары сөзсіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!