Ақмола облысы: Оқжетпес тұрғындары өз үйінде суықтан бүрсеңдеп отыр
Оқжетпеске жылу жетпей жатыр! Ақмола облысында жылу маусымы басталғалы екі апта өтсе де, Бурабай кенті іргесіндегі Оқжетпес ауылының 800-ден аса тұрғыны пәтерлерінде бүрсең қағып отыр. Өңірде қарашаға жетпей қар түсіп, күн суып кетті. Әбден тоңған жұрт құзырлы орындарға дабыл қағып көмек сұрай бастаған. Ал орта мектепте сабақ уақытын қысқартуға тура келіпті. Өйткені ғимаратта жылу 8-10 градус.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
23.10.2019
Бурабайда осыдан үш жыл бұрын жылу қазандығы салынғанда, Оқжетпестің тұрғындары пәтерлерінде өмір бойы жағып келген мұржалы пештен кұтылдық деп қуанған. «Содан бері қыстай бойымыз бір жылынбады», - дейді олар. Жылуға жарымай келген тұрғындар алдағы қысты тағы да үреймен күтіп отыр.
Оқжетпес ауылын толық орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу курортты аймақтың экологиясын жақсартуға жасалған. Бірақ тұрғындардың жағдайы жақсара қоймапты. Биыл тағы жылу азабын тартатын түріміз бар деп отыр олар. Өңірде әлдеқашан басталған жылу маусымы мұнда әлі жетпеген. Жаураған тұрғындар жылу ақысын төлеуден жаппай «бас тартамыз» деп шулады.
Алтынбай Жандарбеков, Оқжетпес ауылының тұрғыны:
- 5ші қазаннан бүгінге дейін жылу болған жоқ. Енді қазір қалай ақшасын төлемейміз? Бұны алдымен шешіп алу керек. Төлемейміз! Не үшін ақша төлейміз?
Бұрынғы жылдары болмашы жылуға амалсыз төлеп келген. Әкімдік сот арқылы өндіріп алыпты. Енді биыл оқжетпестіктер қалай да толық жылу беруін талап етпек. Сондықтан жиынға басшыларды шақыртып ортаға алды. Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Достанбек Есжанов жиынға келгенімен, бірде-бір сұраққа тұщымды жауап айта алмады. Жауапты жылу қазандығының басшысы беріп тұрды.
- Жылуды 10 күн күттік!
- 10 күн емес, 1-інен бастап жылусыз отырмыз.
Сайран Құлжанов, «Бурабай Тазалық» МКК директоры:
- Бір апта бұрын біздің мамандар су айналымын реттейтін бұранданы біреулердің жауып тастағанын анықтады. Аяғымыздан тік тұрып соны іздеп тауып, ретке келдірдік. Оның үстіне курорттағы демалыс орындары мен зәулім үйлер су айдайтын насос қойып, жылу қысымына кедергі келтіріп тұр. Бүгіннен бастап жылу бердік. Енді қадағалап отырамыз.
Жылу берілді десе де, пәтерлерге әлі жетпеген екен. Үйде ғана емес, мектеп пен балабақшада да балалардың тоңып отырғаны жанымызға батты дейді жұрт. Ал амалы құрыған местеп басшылығының сабақ уақытын 30 минутқа дейін қысқартуына тура келген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!