Алматы паркинг жарымжан жандарды қарызға белшесінен батырды
Автотұрақ ақысыз деп жүргенде, айыппұлға ұрынып қалды! Алматыда мүмкіндігі шектеулі жүргізушілер белуардан қарызға батқан. Оларға мүгедектерге арналған тұраққа көлік қойғанына айыппұл келе бастапты. Ал заң бойынша мұндай орындар тегін. Жарымжан жүргізушілердің жанайқайына қаладағы күллі ақылы автотұраққа ие «Алматы паркинг» не дейді?
Автор: Аруна Ортай
23.10.2019
Мүгедектерге арналған орындарға аяқ-қолы сау адам көлігін қойса, кемі 50 мың теңге айыппұл арқалайды. Арман Көмеков ол тұрақ енді мүгедектерге де ақылы бола бастағанын айтады. Небәрі бір айда оның атына үш бірдей айыппұл келген. СМС хабарламаларда көлігін мүгедектер тұрағына қойғаны үшін делінген. Ауған соғысының ардагері әрі 2-ші топтағы мүгедек техникалық қателік кеткен болар деп мән бермей жүргенде, төлейтін сомасы еселеніп кетіпті.
Арман Көмеков, жүргізуші:
- Басында ұқпадым. Айыппұл қайдан келіп тұр? Өзім ақырындап жүремін, жол ережесін бұзбаймын. ГАИге бар дейді, барсам, Алматыда Бағанашыл жаққа бар, сол жақта айыппұлды шешеді дейді. Оларға барсам, қайтадан ГАИ-ге жібереді. Сөйтіп мазамды алды. Мүгедектер тұрағына жолауға қорқатын болдым.
Бұл жайтқа таң қалған жүргізуші «Алматы паркингке» қоңырау шалып, талай мәрте мән-жайды түсіндірмек болған екен. Мүгедектік куәлігін көрсеткеніне қарамастан, ондағылар айыппұлды өшіруге келіспеген. Қаладағы бүкіл ақылы автотұраққа иелік еткен компания біз барғанда да жауаптан қашып, бар мәселені жол полициясына сілтеді. Полиция департаментінің өкілімен телефон арқылы беттестіргеннен кейін ғана айыппұлды өздері жібергенін мойындады.
Рашид Мақсұтов, «Алматы паркинг» АҚ-ның бөлім басшысы:
- Жүйе автоматтандырылған. Ақылы тұраққа қойылған көліктерді тіркеп отыратын арнайы машина қала бойынша жүріп, барлық көліктерді жаппай белгілейді. Мүгедек, мүгедек емес деп ажыратып жатпайды. Сол себепті де жеңілдіктері бар, жүргізушілер бізге өтініш жазып, айыппұлдарын алып тастап жатырмыз. Ондай жүргізушілер бар болса, бізге келіп өтініш жазу қажет.
Осылайша мүгедектерге өзіне тиесілі орынға тұрғанына айыппұл жіберген жүйені компания бастығы ретке келтіруге уәде берді.
Бүгінде Алматыда 11 мыңнан астам ақылы тұрақ бар. Оны мың орны мүгедектерге тиесілі дейік. Ақылы автотұрақтарға айына төленетін абонемент 6 мың теңге. Сонда бұл компанияның бір айлық табысының өзі, кем дегенде 60 миллион теңге. Бұл тек абонементтен түсетін қаржы. Оған арлы-бері жүріп ақы төлеп кете беретін мыңдаған жүргізушіні қосыңыз.
Жалпы ақылы автотұрақтар қалада қозғалысты жеңілдетіп, автокөліктер санын азайту мақсатында ашылған. Сайттарындағы мәліметке үңілсек, істері өрге басыпты. Яғни қалада көліктер 15 пайызға азайған. Дегенмен, полиция департаментінің мәліметі басқа. Қалада 570 мың автокөлік бар десек, оның саны соңғы бір жылда тағы 20 мыңға көбейген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!