Ақтөбе: Қызғалдақты жолының мәселесі шешілмесе, жол бойында бейіт қаптайды
Ақтөбенің шетіндегі Қызғалдақты ауылының тұрғындары жол бойында наразылық білдірді. Олар шенеуніктерден ауыл маңына аялдама мен жаяулар жолағын салып беруді талап етуде. Өйткені Ақтөбе мен Мәртөк ауданы арасындағы жол шетін қоршап тастаған. Ауылға автобус тоқтайтын жер қалдырмапты. Соның кесірінен қоршаудан секіріп жүргенде талай тұрғынды көлік қақты дейді. Ауыл тұрғындарының жанайқайын КТК тілшісі тыңдады.
Автор: Жаңалық Ахаш
23.10.2019
Ақтөбе іргесіндегі Қызғалдақты ауылының тұрғындары жол жүруге қиналып отыр. Айналдырған он шақырым жердегі облыс орталығына жетуге жол бойындағы қоршаулар кедергі. Бұл маңда аялдама да жоқ, сондықтан автобус та тоқтамайды.
Қызғалдақты ауылының жастары қоршаулардан секіріп өтсе, үлкендерінің жер бауырлап өтуіне тура келеді. Жүйткіген көліктен қауіп бар. Себебі, жылдамдықты сағатына 80 шақырымға дейін жеткізуге рұқсат берілген. Тіпті тұрғындармен кездесуге сол жерге жеткенімізде, көз алдымызда бір итті қағып кетті.
Төрт аяқты хайуан тұрмақ, соңғы бес жылда дәл осы маңнан тоғыз адамды көлік қағып мерт болған. Сол қайғылы оқиғалардан хабар айтып, жол шетінде құлыптастар қаптап тұр.
Мырзагүл Елдезерова, Қызғалдақты ауылының тұрғыны:
- Немере қайнымызға келін алғанымызға алты ай болғанда, оны көлік қағып кетті. Осы жерде бесалты адам, күйеу балам бар еді, оны да қағып кетті. Зейнеткер жездем бар еді, үлгере алмай кешкісін түсіп, оны да қағып кетті. Осы жерде төрт-бес адамды қақты, осында бейіттері тұр.
«Соңғы бес-алты жылда Қызғалдақты ауылынан қайғы арылмады», - дейді тұрғындар. Себебі, жаңа жол салған кезде қоршау тұрғызған. Бұрынғы аялдаманы жауып тастапты, қоғамдық көлік тоқтамайды. «Қашанғы басымызды бәйгеге тігіп жүреміз», - деп ашынады мұндағылар.
Асқар Тойбазаров, Қызғалдақты ауылының тұрғыны:
- Бірінші кезекте мына жерге жолаушылар жолағын және заманауи дыбыс беруші ме, сондай салып, аялдама тұрғызып берсе. Өтінішіміз сол. Өте қиын жағдай болды.
Тұрғындар арыз айтып талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Бірақ құр уәде беріліп, еш шаруа бітпепті. Әкімдіктегілер бұл жолы да «ақша, бәрін қатырамыз» дейді.
Алмас Жақсылықов, Астана ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазір қаржы мәселесіне байланысты жұмыстар атқарылатын болады. Жоспарға енгізілді, жобалық құжаттар жасақталды. Келесі жылы толық жасалып, орнатылады.
Бұрын Қызғалдақты іргесіндегі осы жол республикалық мекеменің бақылауында болған, қазір қалалық әкімдікке қарайды. Сондықтан Елордадан жауап күтіп отырудың еш қажеті жоқ екен. Әйтсе де, тұрғындардың талабы нақты қай кезде орындалары әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!