МногоДедный! Жеңісхан Момышев әлеуметтік мәселені комедия жанрында жеткізді
Киносүйер қауымға көркем сыйлық! Елімізде бүгіннен бастап комедия жанрындағы жан тебірентерлік фильм көрерменге жол тартты. Туындының атауы да өзгеше. «МногоДедный» деп аталатын картинаны танымал режиссер Жеңісхан Момышев түсірген. Онда байдың ерке баласының басынан өткен жайті баяндалады.
Автор: Салтанат Шырынхан
24.10.2019
Жас жігіт күтпеген жерден әкесінің тапсыруымен қарттар үйінің директоры қызметіне тағайындалады. Сол сәттен бастап ондағы ата-әжелердің де өмірінде өзгеше өзгерістер болады.
Бас кейіпкер - қызық қуған бай баласы Дамир. Әкесінің арқасында қызыл диплом алып, өз компаниясында жұмыс істеуді армандайды. Бірақ жас маманның өмірі бір-ақ күнде түбегейлі өзгеріп, аяқ астынан қарттар үйінің директоры қызметіне тағайындалады.
Тұрар Дәбілбеков, актер:
- Фильмде қарияларымыздың қарттар үйіне қандай себеппен түскені көрсетіледі. Менің кейіпкерім байдың ерке баласы, жауапкершілігі аз жігіт. Бірақ Томирис деген қыздың арқасында ерсі әрекетін ұмытып, қарттарға барынша көмек көрсетуге тырысады.
Дамир мен Томиристің махаббаты картина желісін жүйелей түседі. Бойжеткеннің сұлулығы, мейірімділігі жауапсыз жігітті өзгертеді. Олар бірігіп қарттар үйіндегі ата-әжелерге қол ұшын созады.
«МногоДедный» фильмі - еліміздегі әлеуметтік мәселені комедия жанрында жеткізгісі келген алғашқы туынды. Режиссер картина арқылы әлем мен отбасын мейірімділік қана құтқаратынын түсіндіргісі келген.
Жеңісхан Момышев, режиссер:
- Қарттар үйін көрсетіп, қатты қиыншылығын көрсетіп жатқан жоқпын. Болып жатқан проблеманы көрсеттім, комедия жанрында. Шындықты, не болып жатқанын. Оны әлеуметтік тақырыпта берсем, қызықсыз болар еді. Комедия арқылы өзіміздің ішкі дүниеде, отбасымыздағы проблеманы көтердім.
Дамир мен Томирис бірге бола ма? Қарттар үйіндегі қариялар өз үйіне орала ала ма? Бұл сұрақтардың жауабын еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастаған жаңа фильмнен табасыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!