Азия аймақаралық жарнама форумында не талқыланды?
Медианарықты жаулауға тәжірибеден қорықпау қажет. Алматыда Орталық Азия аймақаралық жарнама форумы аяқталды. 500-ден аса адам қатысқан шарада сарапшылар өзара пікір алмасып, тәжірибемен бөлісті. Күн тәрітібіндегі басты тақырып - жарнамадан табыс табудың жолдарын дамыту. Форумда қандай тақырыптар талқыланды?
Автор: Әсем Қабылбек
24.10.2019
Қазір әлемде жарнамаға сұраныс жоғары. Оны тұтынушыға жеткізу тәсілі де күн сайын өзгеріп отырады. Алайда Орталық Азия елдеріндегі жарнаманы реттеуге қатысты түрлі талап бар. Ресейлік мамандар Қазақстанда жарнаманы реттеуге көмектесіп, бақылау жасайтын орган құруды ұсынды.
Сергей Пилатов, Ресей маркетинг индустриясы басқармасының төрағасы:
- Қазақстан біздің бастамамызды қолдайды деп үміттенеміз. Ұйымдастыру және методикалық жағынан қолдау көрсетеміз. Үкімет пен басты органдар бас қалада, ал бизнес өзге жерде орналасқан. Мұнда жарнама берушілер аз емес.
Жарнаманы мемлекет қолдамаса, табыстың көбеюі екіталай. Оны бақылау мен реттеуге қатысты түйткіл көп. Орталық Азия жарнама қауымдастығының кеңесі Қазақстандағы тыйымдарға тоқталды. Мысалы, кәмелет жасына толмағандарды жарнамаға түсіруге болмайды.
Дмитрий Маров, Орталық Азия жарнама қауымдастығы кеңесінің төрағасы:
- Қазақстанда балаларды жарнамадан көрсетуге тыйым салынған. Балаларға арналмаған контент болмаса, мүлдем рұқсат жоқ. Отбасылық құндылықты дәріптейтін көріністі түсіргенде біраз қиналамыз. Кішкентай баласыз баспаналы болған отбасыны көрсету қиын. Осылайша жарнама беруші басқа бағытты насихаттап жатқандай әсер қалдырады.
Мамандар медиажарнамадағы дамуды назардан тыс қалдырған жоқ. Қазақстандағы жарнаманың 60 пайызы телеарналардың үлесінде. Бұл тізімде КТК да бар. Арнамыздағы «Астарлы ақиқат» ток шоуының жүргізушісі Дина Төлепбергеннің пікірінше, медианарықты жаулау үшін үздіксіз трансформация жасау қажет. Аудитория өз таңдауын жасайды. Соның ішінде қазақтілді көрермендердің талабы жоғары.
Дина Төлепберген, тележүргізуші:
- Жүргізіліп жатқан сынақтар, жүргізіліп жатқан медианарықтағы бұрыс қателіктер бар екендігін дәлелдей білдік. Алдағы уақытта қазақтілді бағдарламаларға деген инвестицияларды көбірек құямыз деген бір тоқтамға келуі мені өте қатты қуантып тұр.
Былтыр елімізде жарнамаға 114 млн доллдар жұмсалса, соның 75 млн-ы телеарнаға тиесілі. Ал сандық жүйедегі жарнама беру кез келген медианың рейтингіне тікелей байланысты. Сарапшылар бұл істе тек ізденіс табысқа жетелейді деген пікірде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!