Атакент-Тараз-Азия базарының дүңгіршектерінде баспанасыздар тұрып жатыр
Таразда баспанаға зәру жандар базарда тұрып жатыр. Кезінде сауда-саттық жасалған дүңгіршектер жұртқа пәтер ретінде берілген. Мұнда қазір 8 отбасы тұрады. Ал базар басшысы бұдан «бейхабармын» деп ақталды. Пайдалану мақсаты бөлек ғимаратты тұрғынжай ретінде қолдану қаншалықты заңды? Санитарлық талап пен өрт қауіпсіздігі ережелері сақталған ба?
Автор: Руслан Әбдіхалық
24.10.2019
«Атакент-Тараз-Азия» киім-кешек базарында енді жатақхана бар. Сауда нысанының басшысы дүңгіршектерді баспанаға айналдырыпты. Қазір мұнда 8 отбасы тұрып жатыр. Әр пәтер керек-жарақпен жабдықталған. Қаз-қатар асхана, әжетхана тіпті жуынатын орын жалпыға ортақ.
Құрман Шоңатаев, Тараз қаласының тұрғыны:
- Тұрып жатқандарыңызға қанша уақыт болды?
- 12сінен бері
- Қанша төлейсіздер?
- Әрқалай.
- 15, 10 дейді. Кішкентай бір бөлме, ішінде жағдай жасалмаған.
Тұрғындар үш айдан бері осында тұрып жатырмыз дейді. Өздерінің айтынша, олар базар басшысымен сауда орнын жалға алушы ретінде келісім-шарт жасасқан. Соның негізінде бір бөлмеге – 15, екеуге – 20, үш бөлмелі қонысқа 25 мың төлеуге уағдаласыпты. Жылу үш күн бұрын қосылған. Ал қайнаған базардың қақ ортасынан жатақхана ашу қаншалықты заңды екенін білу қиындық туғызды.
- Өшір, өшір, түсірме! Біз заң тұрғысынан тексеруіміз керек. Бірінші рұқсат алып тексер. Өшір, әйтпесе лақтырып тастаймын.
Ал сауда нысаны басшысының жауабы мүлдем қызық. Ресей азаматы базарда адамдардың тұрып жатқанын «білмедім» деп ақталды. Оның айтуынша, ғимарат коммуналдық қызметпен толық қамтылған, әрі мұнда санитарлық талап пен өрт қауіпсіздігі ережелері сақталған.
Николай Таранов, Сауда нысанының атқарушы директоры:
- Біздің сауда орнында қазір 500ден аса саудагер сауда орнын жалдауда. Барлығымен тек сауда жасауға келісімшартқа отырдық. Ал онда отбасылы жандардың тұрып жатқанынан хабарым жоқ. Егер адамдардың тұрып жатқаны рас болса, тиісті шара қолданамыз. Олармен келісім-шартты уақыты аяқталғанда бұзамыз.
Келісім-шарт бұзылса, күздің қара суығында тұрғындардың қайда барары белгісіз. Бұл жағдайдан әкімдік те бейхабар екен. Тілшілерден естіп базарға шұғыл жеткен шенеуніктер мұнда көпбалалы отбасының да тұрып жатқанын анықтапты. Жанұялардың бірінде 4 бала бар. Оқушылар сабағын үзбеген дейді. Ал атқамінерлер кәсіпкердің тапқырлығына қуанатын тәрізді.
Гүлбахрам Дүйсекеева, Тараз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Бұл жерде бір ғана кедергі – ғимарат боп тұрғызылғанымен, құжаттары жатахана, не хостел боп рәсімделмеген. Сондықтан сауда орны басшысын шақырып, ол кісімен тез арада құжаттарын рәсімдеу туралы келіссөз жүргіздік.
Бизнесменнің бар кемшілі осы ғана. Дегенмен қазір тексеру жұмыстары басталды. Қорытындысы шыққан соң шара қолданылуы мүмкін. Ал базар басшысы жатхананы кеңейтуді ойластырған тәрізді. Себебі, ғимараттың екінші бөлігі де осы мақсатта жөнделіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!