Алматыда үшінші рет жарылған жылу құбыры 40-қа жуық нысанды жылусыз қалдырды
Алматыда тағы оқыс оқиға – жылу құбыры жарылып, қайнаған су көшеге жайылды. Аяқасты атқылаған ыстық бұрқақтан зардап шеккен адам жоқ. Десе де, сумен бірге ұшқан тас кесектері тұрақтағы машиналарды зақымдады.
24.10.2019
Әлімжан Ниязов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Жылу жүйесі жарылып, міне, алдын, қырын бәрін таспен бытшытын шығарып сындырды.
Көлігі бүлінген жүргізушілер енді өтемақы талап етпек. Ал апат күндізгі сағат екі шамасында болды. Тасқын боп аққан ыстық суды маңайдағылар видеоға түсіріп алыпты.
Мұндай апат алматылықтар үшін таңсық емес. Өткен аптада дәл осы маңайда екі күн қатарынан құбыр жарылған. Бұл жолы 40-қа жуық нысан жылу және ыстық сусыз қалды.
Оқиға орнында апат бригадасы жұмыс істеп жатыр. Олар жағдайды түнге дейін қалпына келтіреміз дейді. Ал жауаптылар, әдеттегідей, оқыс оқиғаға құбырлардың әбден тозуы себеп екенін айтады.
Ян Гирин, Алматы қаласы жылу-энергетикалық кешені кәсіпорындарының ресми өкілі:
- Бұл құбыр 1971 жылы пайдалануға берілген. Қанша уақыт тұрғанын өзіңіз есептей беріңіз. Негізі бұлардың қызмет ету мерзімі 25 жыл. Сол себепті тесіліп қалуы таң қалатын жағдай емес. Қаладағы құбырлардың 61 пайызы ескірген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!