Павлодарда автоцистерна қалай жарылған?
Павлодардағы автоцистернаның жарылысынан аман қалғандар мән-жайды айтып берді. Апаттың салдарынан бір адам ауыр жарақат алып, тағы біреуі оқиға орнында көз жұмған болатын. Куәгерлердің айтуынша, жарылыс жұмыс күнінің аяғында болған. Әйтпесе зардап шеккендер әлдеқайда көп болуы мүмкін екен.
Автор: Бек Әбиев
24.10.2019
Александр Савиных, куәгер:
- Сағат кешкі алтының кезінде жұмыс уақытымыз аяқталып, киім ауыстыруға кетіп бара жатқанмын. Сол кезде гүрс еткен күшті жарылыстан құлақ бітелді. Артыма бұрылып қарасам, маған қарай есік ұшып кеп алдымдағы үстелге тиіп қана тоқтады. Әйтпесе мен де ауруханада жатар едім.
Жарылыс бойынша полиция өзгенің мүлкіне зақым келтіру бабымен іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмысын бастады. Екі азамат бензин тасып жүрген автоцистернаны жөндемек болған. Ал ішіндегі жанармайдың дұрыс жуылмауынан бензиннің буына болгарканың ұшқыны тиіп атылған. Оның күшті болғаны сондай, бокстың қақпасы жұлынып, 250 шаршы метр шатырдың ойраны шықты.
Жарылыс кеше кешқұрым болған еді. Жойқын жарылыстан, 42 жастағы токарьдің денесі шашылып кеткен. Ал, оның 51 жастағы серігі бетон плитаның астында қалды. Ауыр жарақат алған ол бүгін есін жиды.
Кеңес Ақылжанов, №1 Павлодар қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Пациент бізге жамбас сүйегінің жарақатымен, миы шайқалып ауыр жағдайда түсті. Шокқа қарсы ісшаралар жасап, жалпы күйін тұрақтандырдық. Қазір ол орташа ауыр жағдайда ем қабылдап жатыр. Енді отаға дайындаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!