{metadescription}
Бала дауысы! Гран-при иегеріне Токиодағы Диснейлендке жолдама беріледі
Бала дауысы! Гран-при иегеріне Токиодағы Диснейлендке жолдама беріледі

Бала дауысы! Гран-при иегеріне Токиодағы Диснейлендке жолдама беріледі

Үздіктердің үздігі анықталатын сәт таяды! Алматыда төртінші «Бала дауысы» ұлттық ән байқауының ақтық сынының алғашқы кезеңі өтті. 17 өңірден іріктеп алынған жас таланттар бұрын-соңды ешкім естімеген тың әндерді шырқап, өнерімен көпті тәнті етті. Ертең Республика сарайында теңдесі жоқ байқаудың ақырғы гала-концерті болады. Онда балалар танымал жұлдыздармен қосылып ән шырқап, жеңімпаздар анықталады.

Жобаны Мәдениет министрлігі, Тұңғыш Президент қоры және Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырған.

Республика сарайында өнер көрсету екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Мұндай мүмкіндік «Бала бауысының» финалистеріне беріліп отыр. Талайға арман болған сахнада ән салу – үлкен жауапкершілік. Балалар дайындықты үзіліссіз жүргізіп жатыр.  

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, байқаудың ақтық сынына жолдама алған 17 қатысушы бар. Оларды әр аймаққа бөлінген эстрада жұлдыздары таңдап алған. Көмейіне бұлбұл ұялаған финалистердің бірі - Түркістан облысынан келген Мейрамбек. Ол байқаудың іріктеуіне бұрын да қатысып, өте алмай қалыпты.

Мейрамбек Шалқарбай, «Бала дауысы» ұлттық ән байқауының финалисі:

- 2017 жылы қатысып, финалға өте алмадым. Биыл Түркістан облысының іріктеуінен өттім.

Ұл-қыздар кеше алғаш рет үлкен сахнада өнерін паш етті. Бәрі қобалжығанымен, халық алдына тәжірибелі әнші секілді шықты. Шырқалған әр ән таңғажайып шоуға айналды. Айта кетерлігі, аталмыш жобада балаларға арнап 17 ән жазылған.

Еліміздің композиторлары жазған туындылар қатысушыларға сыйға тартылады. Көздің жауын алатын сахналық киімдер де арнайы тігілген. Кеше балалардың өнерін тәлімгерлерден құралған қазылар бағалады. Олардың қатарында Маржан Арапбаева, Динара Сұлтан, Дастан Оразбеков сынды танымал жұлдыздар бар.

Дастан Оразбеков, әнші:

- Бұл біздің бүлдіршіндеріміздің дауысы. Әр бүлдіршіннің жарқыраған, шырқыраған даусы бәрімізге жетсе екен. Қатал баға беруге жүрексінеміз. Жақсысын асырып, жаманын жасыруға тырысамыз.

Тосын сый - финалдың бірінші кезеңінде Ресейден арнайы келген, өзі де балалар байқауының жеңімпазы атанған Диана Анкудинова ән салды. Ал ертең гранд-финалда ұл-қыздар тәлімгерлерімен өнер көрсетеді. Бір-бірімен достасып кеткен балалар арасында бәсекелестік жоқ екен.  

Сезім Қаһарман, «Бала дауысы» ұлттық ән байқауының финалисі:

- Мен орынға таласпаймын. Айтқым келгені, әділқазылар таңдау жасай алмай, бәрімізге гранпри берсе екен деймін.  

Көрермендер көзайымына айналған қатысушы дауыс беру арқылы анықталады. Яғни, notka.kz сайтына кіріп, жұрт өз таңдауын жасайды.

Теңдесі жоқ ұлттық ән байқауын Мәдениет министрлігі, Тұңғыш Президент қоры және Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырған.

Байқаудың гранд-финалы 26-шы қазанда сағат 16.00-де Республика сарайында музыкалық спектакль ретінде өтеді.

Гран-при иегерін Токиодағы Диснейлендке жолдама күтіп тұр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде