Беларусь елі Қазақстаннан мұнай алғысы келеді
Қасым аға! Елордаға ресми сапармен келген Беларусь президенті Александр Лукашенко өзінен бір жас қана үлкен Қазақстан президентіне осындай құрмет білдірді. Олай деуінің астары да бар. Екі елдің талайдан бергі айнымас достығы – бір, екіншіден, Беларусь біздің астық пен кенімізден бөлек, мұнайымызды да алғысы келеді. Олар тіпті ортада кедергі болып тұрған Ресеймен осы мәселені келісіп алуға да дайын. Ақордада өткен екі президенттің кездесуін толық баяндауға КТК тілшісі тікелей байланысқа шықты.
Автор: Ербол Тұрымбет
25.10.2019
Ақорда Александр Лукашенкоға деген құрметін аямады. Мақсаты – экономикалық байланысты арттыру. Беларустің жалпы ішкі өнімі бізден шамамен 110 миллиард долларға кем. Жан басына шаққандағы көрcеткіші де 3 жарым мың доллар төмен. Дегенмен екіжақты сауда-экономикалық тауар айналымында бәсі бізден әлдеқайда жоғары.
Мысалы, былтырғы тауар айналымы 700 миллион доллардан асады. Беларусь тарапы оны 900 миллион доллар деп, үлкенірек цифр көрсетеді. Мәселе сандардың айырмашылығында емес. Сол тауар айналымының ішінде Қазақстанның үлесі 14 пайыздан сәл асады. Қалған 86 пайызы толық Беларусьтан келетін импорт. Лукашенко межені миллиард доллардан асырғысы келетінін айтады.
Александр Лукашенко, Беларусь президенті:
- Екі жақ бірлесе отырып тауар айналымын миллиард доллардан асыратынымызға сенімдімін. Біз алдымызға сондай меже қойып отырмыз. Алдағы уақытта екі елдің бірлескен кооперативтерін құруды көздеп отырмыз.
Бүгінде елімізде Беларусь ақшасы салынған 340-қа жуық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Бірлескен 8 кәсіпорын өнеркәсіп және ауылшаруашылығы техникасын шығарумен айналысады. Мұндай тығыз байланысы бар елдің көңілге қонымды бастамаларын Қазақстан әлбетте қолдайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Үкіметтеріміз екі елге жеткізілген тауарлардың санын көбейту, өзара саудасаттықты ұлғайту мәселелерін пысықтауы тиіс. Ауыл шаруашылығы және әскеритехникалық ынтымақтастық салалары бойынша қосымша бірлескен 2-3 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру жөнінде келісімге қол жеткіздік.
Ал мұнай тасымалы өз алдына үлкен тақырып. Тек бір шартты орындаса, яғни біздің мұнайды өңдеп үшінші елдерге сатпауы керек. Себебі мұнайды өзгелерге өңдеп сатуды өзіміз де білеміз.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
- Келісімнің негізгі мәтінін келісіп алдық. Яғни олар енді реэкспорт жасамайды. Енді екі жақтың тиісті мемлекеттік органдары өзара келіседі. Біз Беларусь тарапына Теңіз, Қарашығанақ сияқты ірі мұнай компанияларымызбен келіссөз жүргізуге мүмкіндік бердік.
Ендігі мәселе – Ресей аумағымен құбыр жүргізуге көрші елдің келісімін алу керек. Беларусь тарапы енді сол мәселеге кіріспекші. Сөз райын жақсы білетін Лукашенко өзінен бір ғана жас үлкен болса да «аға» деп, Тоқаевтың көңілін аулауды ұмытқан жоқ.
Александр Лукашенко, Беларусь президенті:
- Қымбатты Қасым аға, екі елдің байланысын дамытуға деген ынтаңызға үлкен алғыс білдіремін. Ал Қазақстан халқына айтарым, беларустармен бекерге байланысқан жоқсыздар. Біз сенім артуға болатын елміз. Сіздердің де сенімдеріңізді ақтаймыз.
Тоқаевтың Қазақстан мен Беларусь арасындағы байланыстар мен түйткілді мәселелерді жақсы білетінін ерекше атап өткен Лукашенко кездесу соңында Қасым-Жомарт Кемелұлын келесі жылы Минскіге ресми сапармен келуге шақырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!