Он бес жасар Рахат Болатбек әлем рекордын жаңартты
Он бес жасында әлем рекордын орнатқан зілтемірші. Жерлесіміз Рахат Болатбек Пхеньяндағы жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынып, серпе көтеру жаттығуында әлем рекордын жаңартты. Жалпы алғанда Солтүстік Кореяға аттанған 9 спортшының барлығы жүлделі орыннан көрініп, бапкерлер мен жанкүйерін қуантты.
Автор: Мақсат Мәлік
29.10.2019
Әуежайда мәре-сәре күйде болған жұрт жеңімпаз бен жүлдегерлерге гүл ұсынып, құшағынан босатар емес. Солтүстік Кореядағы Азия чемпионатынан оралған өрімдей зілтеміршілер қандай құрметке де лайық. Әсіресе жасөспірімдер жарысында алтыннан алқа тағынған 15 жастағы Рахат Болатбек серпе көтеруден 196 келіні бағындырып, әлемдік рекорд орнатты.
Рахат Болатбек, Азия чемпионы:
- Сезімім күшті болып тұр, бәрі күтіп алып жатыр. Тамыздың аяғында жиынымызды бастап, мақсатымызды қойдық – әлем рекордын орнатайық деп. Солай істедік те.
Рахат Болатбек Пхеньяндағы Азия біріншілігінде алтын медальдан бөлек 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында күміспен күптелді. Ең бастысы, сары құрлық бәсекесіне аттанған жасөспірімдердің барлығы чемпионаттан құр қол қайтпады.
Бақыт Ахметов, жаттықтырушы:
- Азия чемпионатына 9 спортшы алып бардық. Оның алтауы – ұл, үшеуі – қыз бала. Барлығы жүлделі орын иеленді. Қоржынымызда 1 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль бар. Рахат Болатбек командамыз да ең жасы болса да тамаша қырынан танылды.
Бір қызығы, Солтүстік Кореядан оралған спортшыларымыздың арасында алғаш рет халықаралық сайыста бақ сынағандар бар екен. Абылай Әуелханов, Гүлнұр Ыбырай және Айсамал Сансызбаева сынды зілтеміршілер бапкерлердің үмітін ақтап қайтты.
Айсамал Сансызбаева, Азия чемпионатының күміс жүлдегері:
- Бірінші орын аламыз деп ойлағанбыз, бұйырмады, екінші орын алып қалдық. Әр қиындықтан кейін жақсылық болады дейді ғой. Оңай болған жоқ. Көрсеттік. Жарыс жақсы болды.
Бапкерлер шәкіртердің аяқ алысына көңіліміз толса да, босаңсуға болмайды дейді. Себебі, оларды келер жылдың наурыз айында жастар арасындағы әлем чемпионаты күтіп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!