Петропавлда дәрігерлер науқастарға арналған тегін дәріні қалтаға басып отырған
Тегін дәріні науқас емес, дәрігер алып отырған. Петропавлда түрлі созылмалы ауруға шалдыққандар үшін мемлекеттен тегін берілетін дәрі-дәрмек науқастарға жетпеген. Бұл сорақылық прокуратура үш емхананы тексерген кезде анықталды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
29.10.2019
Заңмен бекітіліп тиісті санаттағы науқастарға тегін берілуге тиіс 14 түрлі дәрі-дәрмекті дәрігерлер науқастардың сыртынан рецепт жазып, өздері алып отырыпты. Негізінен бұл қант диабетімен ауыратындарға және жүрек қан тамырлары аурулары мен қан қысымы жоғары науқастарға арналған таблеткалар мен инекциялық дәрілер. Тіпті қант мөлшерін тексеретін тест таяқшасы мен өлшем құралдарына дейін науқастарға жетпеген.
Прокурорлар тексеріс кезінде бір науқасқа 1 миллион 300 мың теңгегеге дейін рецепт жазылғанын анықтады. Заңсыз әрекеттері үшін 11 медицина қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Барлық су тегін алынған дәрілер қызметкерлердің сейфінен табылған.
Асхат Ауқатов, Петропавл қаласының прокуроры:
- Рецепт пациенттің өзіне жазылып, дәрідәрмекті де ол өзі барып алуы тиіс. Бұл мемлекеттен арнайы санаттағы науқастарға тегін берілуі тиіс дәрілер. Тергеу барысында, әрине, біз оны дәрігерлердің қандай мақсатқа пайдаланғысы келгенін анықтай алмадық. Тексеріс басталысымен олар науқастарды шақырып, қолдарына табыс ете бастады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!