{metadescription}
Алматының дамуына қатысты алқалы жиында президент Тоқаев не деп айтты?   
Алматының дамуына қатысты алқалы жиында президент Тоқаев не деп айтты?   

Алматының дамуына қатысты алқалы жиында президент Тоқаев не деп айтты?   

Жырға айналған «Көкжайлау» ақыры салынбайтын болды. Алматыға жұмыс сапарымен келген президент Алатаудың етегінде тағы бір тау-шаңғы курорттық кешенін салуға тыйым салды. Экологтар мен қала халқы жаппай қарсы шыққан жобаны Қасым-Жомарт Тоқаев та аса ұната қоймайтынын бүгін анық аңғартты. Сондай-ақ президент 80 жылдық тарихы бар трамвай депосын жауып тынған жауаптылардың шешіміне көңілі толмайтынын жеткізді. Алматының дамуына қатысты алқалы жиында айтылған басқа да күрмеуі көп түйіткілдер.  

Ығай мен сығай жиналған жиын әдеттегідей бір сарынды басталды. Алдымен сөз алған қала әкімі атқарылған шаруаларын айтып, жеткен жетістіктерін жіпке тізді. Бақытжан Сағынтаевтың есеп-қисапқа толы баяндамасында бәрі қамтылған. Тыңдаушының құлақ құрышын қандырады. Алайда шаһар басшысының сөзін мұқият тыңдаған Тоқаев Алматыда шешілмей жатқан шаруаның шаш етектен екенін де ескертті. Соның бірі – жұмыссыздық мәселесі. Президенттің айтуынша, Алматы халқының алты пайызы істерге іс, ұстарға құс таппай бос сенделіп жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Еліміздегі жұмыссыздық деңгейіне қатысты ең жоғарғы көрсеткіш, яғни 5,1 пайыз осы қалада тіркелген. Ал Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 4,8 пайыз. Жыл сайын Алматы тұрғындары орта есеппен 50 мың адамға көбейіп келеді.

Алматылық атқамінерлердің көлік көпірі мен жолайырық салудан алдына жан салмайтыны белгілі. Алайда президент бар қаржыны бір салаға жұмсай беруге болмайтынын ескертті. Өйткені қалада мектеп жетіспейді.Мәселен соңғы бес жылда бар-жоғы бес білім ошағы бой көтерген. Сондықтан Тоқаев бір класта 40-50 баладан қысылып-қымтырылып отырған оқушылардың жағдайын жасауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Алматыда жалпы білім беретін мектептерде 30 мың оқушыға орын жетпейді. Кей мектептерде бір сыныпта 40 50 бала оқиды. Соңғы бес  жылда бар болғаны 4200 орындық бес ақ мектеп салынған. Бұл өте төмен көрсеткіш.

Алматылықтардың Ақордаға жазған арызы қараусыз қалмайды. Олардың бірсыпырасын бүгін президенттің көмекшісі оқып берсе, өзекті дегендерін Тоқаевтің өзі қағазға түртіп алыпты. Әсіресе тұрғындар заңсыз құрылыс пен ағаш кескендері жауапқа тартуды сұрап хат жазады. Сондықтан президент бұдан былай кесілген бір талдың орнына 80 түп ағаш отырғызуды заңмен бекіту керек деді. Ал Алатаудың етегінен енді бір түп шырша кесілмейтін болады. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев тау шаңғы кешенін саламыз деп жасыл-желекті қоғадай жапырғандардың аузына құм құйып, Көк жайлау жобасына түбегейлі тыйым салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Алма бақтарының жойылғаны туралы нақты фактілер бар. Мұндай айуандыққа жол берілмейді. Ол жазалануы керек. Бірақ бұған тиісті органдардың енжарлық танытпауы керек

80 жылдық тарихы бар трамвай депосының жабылуы да Тоқаевтың жанына батқан сияқты. Ешкіммен ақылдаспай өз беттерінше шешім шығарған қала билігіне қарата сын айтқан президент, трамвайдың жүруіне тыйым салу «шикі шешім» деп баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Трамвайлардың көзін құрту, менің ойымша, өте даулы шешім. Шойын жолдарды қалпына келтіріп, трамвай паркін жаңалап, бұл көлік түрін ары қарай қолдану керек еді. Трамвай Еуропаның көптеген қалаларында әлі күнге бар. Сондықтан қандай да бір шешім қабылдарда қала басшысы тұрғындармен және тиісті мамандармен ақылдасуы керек.  

Алматы қылмыстық көрсеткіш жағынан ең қауіпті қала. Сондықтан президент байнебақылау камераларын тек көшеге емес аулаларға да орнатып, қараңғы көшелерді жарықтандыруды тапсырды.

Жиында әлеумет пен экономикадан бөлек экология да жіті назарда болды. Көк түтіннен көз ашпайтын қаланың ауа райын жақсартуға алдағы жылдары барлық жеке сектор көгілдір отынмен қамтамасыз етілуі тиіс.

Сондай-ақ, Президент қара түтін будақтатын қоғамдық көліктердің орнына электробус сатып алуды тапсырды. Ал адам қолымен емес, табиғаттың тосын мінезінен келетін апттардың алдын алуға Алма Арасандағы Аюсай шатқалына селден қорғау бөгеті салынады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде