{metadescription}
Түркістан облысында мақта бағасын әдейі түсірді ме?  
Түркістан облысында мақта бағасын әдейі түсірді ме?  

Түркістан облысында мақта бағасын әдейі түсірді ме?  

«Түркістан облысында мақта бағасы қасақана төмендетіліп отыр». Осылай деп шулаған Мақтарал мен Жетісай ауданының диқандары мақтаны қабылдап алатын ірі зауытттар өзара бағаға келісіп, диқандардың еңбегін жеп отыр деп мәлімдеді. Былтыр ақ алтынның әр келісін 180 теңгеге өткізген мақташыларға биыл зауыттар 130 теңгеден артық бермей жатыр. Енді мақта шитінен бастап, жанар-жағар май мен химикаттарға дейін қымбаттап жатқанын айтқан мақташылар жыл бойғы еңбегі еш болып, тақырға отырыпты.

Мақтаралдағы ең ірі зауыттардың бірінің алдына жиналған мақташылар мұң-зарын жеткізді. Айтуынша, мақта биыл бітік шығып, жұрт жыл бойғы еңбегінің жемісін көреміз деп қуанған. Алайда қыркүйек айында терім басталып, зауыттарға өткізгенде қуанышы су сепкендей басылған. Себебі, өнімнің әр келісіне жергілікті мақта қабылдау бекеттері 120 және 130 теңгеден қабылдап жатыр. Ал диқанның еңбегі тым қымбатқа түсуде.

Раниса Мирзандаева, диқан:

- Шиті, солярка, селитрасы қымбат. Дәрі деген мүлдем көтеріліп кетті. Былтыр өзім естігенмін, Шөкеевтің министр боп жатқан кезінде мақта егілмесін, басқа бақшалар егілсін дегенін. Сол үшін айтып отырмын. Жоғарыда отырғандар алдымен осында келіп, жерді бірінші істеп, сосын сөйлесе болады.

Наразы топ: «Іргелес Мақтарал мен Жетісайдың ірі зауыттары өзара келісіп, мақта бағасын түсіріп тастады», - дейді. Мәселен, 300 шақырым жердегі түркістандық зауыттар келісіне 150 теңгеден беріп жатқанда, Жетісай мен мақтаралдық ірі зауыттар ақ алтынның құнын 130 теңгеден көтермепті.

Рустам Уәлиханов, диқан:

- Бұл жерде жергілікті зауыттар өзара сөз байласып, мақта бағасын өздері қойып отыр. Біз өмір бойы мақта саласында жүргендіктен білеміз ғой. Мысалы, санаулы шақырым жерде тұрған Өзбекстанның диқандары әр келісіне 200 теңгеден өткізіп жатыр. Біз 200 теңге демейміз, бірақ 170 теңгеден алуына болады ғой.

Халық жиналған соң Мақтарал ауданының басшылары да жетті. Елді сабырға шақырып, «субсидия алып жатырсыңдар, тынышталыңдар» деуі сол еді, мақташылар шенеуніктерге тап берді.

- Сіздер айттыңыздар, субсидия беріп жатырмыз деп, қара халықты алдайсыздар.

- Сіз өйтіп айтпаңыз.

- Әй, қайсыларың субсидия алдыңдар? Ешкім алған жоқ! Кім алды?  

Диқандар алдына жиылғанда шыққан мақта зауытының әкімшілігі бағаны 130-дан асыра алмайтынын, өйткені жанар-жағар май мен техника саймандарына дейін қымбаттауымен түсіндіреді. Ал ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың айтуынша, егістіктің 87 пайызы теріліп біткен. Түркістан, Ордабасы мен Кентау зауыттары 150 теңгеден алуға мүмкіндігі болса, Мақтарал мен жетісайлық зауыттарда ондай мүмкіндік болмай тұр. Себебі, ол зауыттардың қабылдаған мақтасын алатын компаниялармен әлі келісім жоқ.

Нұрбек Бадырақов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қазір Қытай тарапынан шикізатқа деген сұраныс аз. Сондықтан бұл үлкен алпауыт зауыттар біздегі әлі шетелмен келісімшартқа отыра алмай, бағасын белгілей алмай отыр. Сондықтан бұл зауыттарды да түсінуге болады. Қазір 150 деп, 160 деп, бағаны белгілеп, ертең оған сұраныс болмаса, мақтаны өткізе алмай қалады.  

Мақтаралдық диқандар қанша шуласа да, зауыт басшылығы мақтаны көңілге қонымды бағамен алатын шетелдік компания таппайынша, 130 теңгеден баға көтерілмейді. Облыс әкімдігі мақташыларға бар көмегіміз қараша айында берілетін тоннасына 12 мың теңге субсидия дейді. Алайда Мақтаралда субсидияны «тамыр-таныссыз ала алмайсың» деген шаруалардың биылғы мақтадан пайда табуы екіталай

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде