Алматыдағы құрылыс Тоқаевтың ескертуін ескермейтін түрі бар
Тоқаевтың тыйымына құрылыстың қарамайтын түрі бар! Алматыда президенттің өзі атап тұрып айтқан даулы құрылысқа қатысты сот отырысы басталды. Жұрт үйінің дәл іргесіне 12 қабатты зәулім үйдің салынуына жаппай қарсы шығып Ақордаға дейін арызданған. Оны президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға іс-сапары кезінде қала әкіміне ескертті. Алайда бүгін сотқа келген кәсіпкер құрылысты жалғастыратынын ашық айтты.
Автор: Аруна Ортай
31.10.2019
Тұрғындар бұл жерде күнделікті жүгіріп, спортпен айналысатын, енді ол жайында қалды. Қаланың қақ ортасындағы саябақты темір қоршаумен қоршап тастаған құрылыс компаниясы оның орнына қонақ үйі бар 12 қабатты тұрғын үй салмақшы. Бір емес, ішінде бизнес орталығы, мейрамханасы мен қонақ үйі бар үш бірдей зәулім ғимарат бой көтермек. Тұрғын үйлердің дәл іргесіндегі бұл саябақты жергілікті әкімдік құрылыс компаниялардың біріне жылдың басында үш жылға жалға беріп қойған екен. Кәсіпкер сауықтыру орталығын ашпақ болған. Сөйтіп жер телімі қолына тиген бойда жоспар да өзгеріпті. Ал іргеден үй салуға қарсы тұрғындардың жанайқайы президентке дейін жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Гагарин көшесі 111ші үйдің жанында саябақтың орнына құрылыс басталғалы жатқаны маған да жетті. Бұл туралы тұрғындар қалалық әкімдікке шағымданып, тиісті жауап алмаған. Мұндай жайттар архитектуралық жоспарлауда кемшіліктердің барын көрсетіп отыр. Алматыда туып-өскен азамат ретінде мұндай бассыздыққа қарсымын. Мұндай қабаттасқан құрылыстарға тыйым салынсын. Оның орнына саябақтардың санын көбейтіңдер.
Дегенмен құрылыс Тоқаевтың да тыйымына қарамайтын түрі бар. Әр қадам сайын бетон құйылып алты метрлік темір бағаналар орнатылған. Ал ат шаптырым алқапты алып жатқан футбол алаңы құрылыс материалдарын сақтайтын қоймаға айналған. Құрылыс компаниясы 12 қабатты зәулім үйлерді тұрғызуға кран бөлшектерін де әкеліп қойыпты. Құрылысшылардың жатын орны мен дәретханасы дейін дайын тұр. Саябақты түгелдей сүріп тастағалы жатқан кәсіпкерді жер астында метро стансасының орналасқаны да тоқтатпайтын секілді.
Еркін Сұлтанғазиев, «РК-Ордасы» ЖШС директоры:
- Әкімдіктің берген қаулысы негізінде ол жерді қоршауға құқым бар. Ол жерді мен құрылысқа дайындауым керек, соо үшін қоршау қойдым. Метро қызметкерінен, не сіздерден рұқсат сұрауға міндетті емеспін.
Сотта осылай сенімді сөйлеген кәсіпкер алған бетінен қайтқысы жоқ. Айтуынша, құрылысқа әкімдіктің өзі рұқсат берген. Оны дәлелдейтін құжаттарын да ала келіпті. Десе де тұрғындардың да саябақты беріп, жәй қарап отыратын түрі жоқ. Бала-шағасымен серуендейтін сүйікті жеріне соңына дейін күреспек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!