Ақтөбе тұрғындарын алдап соққан алаяқтардың соты басталды
Ақтөбеде тұрғындарды алдады деп айыпталғандарға қатысты сот басталды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша «арзанға баспана алып берем» дегендердің бірі – қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы. Екіншісі - халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы қызметкері.
Автор: Жаңалық Ахаш
31.10.2019
Олардың үстінен 50-ге жуық адам шағымданып, 100 миллион шамасында ақшамыздан айрылдық деп отыр. Ал тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенова: «Жәбірленушілердің бірде-бірін танымаймын, ешқайсысынан бір тиын да алмадым», - деп ақталуда.
Екінші сотталушы Гүлайым Нұрмұқанова кінәсін толық мойындап, шенеунікпен сыбайлас болғанын жайып салыпты. Тергеу кезінде бес ай бойы абақтыда отырған бөлім басшысы сотқа үйінен қатынап жүр. Денсаулығына байланысты оны қолхатпен босатқан. Ал арзан пәтерден дәмеленіп сан соққандар ең бастысы – ақшамызды қайтарып берсе дейді.
Гүлзар Сұлтанова, жәбірленуші:
- Менің талабым – маған біреудің сотталып, қамалып кеткені керек емес. Ақшамды адамгершілікпен қайтарып берсін, бітті, жалпақ тілмен айтқанда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!