Талдықорғанда дәмханадағы жанжал атысқа ұласты
Талдықорғанда дәмханадағы дүрдараздықтың соңы атысқа ұласып, бір адам жараланды. 42 жастағы ер адам бөтелкелесімен сөзге келіспеген. Яғни, оның бейәдеп сөзіне шыдамапты. Кек қайтаруға үйінен травматикалық қару әкеліп, бөтелкелесінің бетінен екі рет атқан. Масаң күйде қылмыс жасаған күдікті кінәсін толық мойындады.
Автор: Әсем Қабылбек
31.10.2019
Талдықорғандағы «Жастар» саябағының маңындағы атыс тұрғындардың жағасын ұстатты. Бірақ дәмхана қожайыны «түк болмады» деп дес берер емес. Дегенмен түнде болған қылмысты қанша жасырғанымен, полицейлер оқиғаның бүге-шүгесін айтып берді.
Жандос Нүсіпбеков, тергеуші:
- Жедел іздестіру барысында газтравматикалық тапанша мен адамның бетіне оқ атқан. Талдықорған қаласының азаматы құрықталды. Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабы, 3-тармағы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыс жасаған ер адамға қатысты бұлтартпас айғақ бар. Оның травматикалық қарудан оқ атқан сәті бейнебақылау камерасына жазулы. Күдіктінің айтуынша, оқ атуға кафедегі екеуара дүрдараздық себеп болған.
- Боқауыз сөздер айтқаннан кейін мен қоқыс жәшігінен тауып алған травматикалық қаруды үйден алып шығып, өзіне қарсы шықтым.
- Бетінен аттыңыз ба?
- Иә, бетінен аттым.
Тергеуде суық қарудан екі рет оқ атылғаны анықталды. «Қоқыстан тауып алдым» деген қаруға қатысты арнайы сараптама тағайындалды. Ал атыстан бет-аузы жараланған 45 жастағы тұрғын ауруханада жатыр. «Әлі бір апта ем-дом алуы тиіс», - дейді дәрігерлер.
Гани Алекберов, хирург:
- Науқастың жағдайы қазір қанағатты. Түнде тиісті медициналық көмек көрсеттік. Бетіндегі жарақатын таңып, жарасын тіктік. Оны бізге әкелгенде мас күйде болған,таңға жуық есін жиып, өзөзіне келді.
Бұзақылық жасаған күдікті уақытша тергеу изоляторында отыр. Егер оның кінәсі толық дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!