{metadescription}
Қаскелең тұрғындары орталықтан жылумен қамтылуға келіспей отыр
Қаскелең тұрғындары орталықтан жылумен қамтылуға келіспей отыр

Қаскелең тұрғындары орталықтан жылумен қамтылуға келіспей отыр

Қажетсіз коммуналдық қызмет! Қаскелеңде тұрғындар пәтерлерінің орталықтандырылған жылумен қамтылуына қарсы шықты. Өйткені кезінде жылусыз отырғанда шенеуніктер олардың шағымын құлаққа ілмепті. Әр отбасы өз ақшасына амалсыздан газ пешін сатып алған. Енді атқамінерлер жылу жүйесін жүргізуге белсене кірісіп, ауладағы балалар алаңқайының аумағына қазандық сала бастаған.

Тұрғындар бұған үзілді-кесілді қарсы.

Қаскелеңдегі төрт қабатты үйлердің тұрғындарының мазасы қашқан. Өйткені арнайы техника келіп қазандық құрылысын бастап кетіпті. Пәтерлерге орталықтандырылған жылу жүргізілмек. Бірақ жұрт бұған қарсы. Өйткені қазандық балалар алаңқайының үстінен бой көтергелі жатыр.

Мәрия Тәженова, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Кешеден бері қазды, міне. Алдында келгенде бәріміз қарсы шықтық. Жиналыс болды. Балаларға ойнайтын жер жоқ. Бізге қазандықтың керегі жоқ, бас тартамыз.

Тұрғындар шенеуніктердің есіне жылу жүйесінің тым кеш түскенін айтады. Осыдан 20 жыл бұрын жұрттың шағымын ешкім тыңдамаған. Сол кезде пәтерлерде жылу болмай әбден тоңыпты. Сонда амалсыз, әр отбасы қыруар қаржыға газ пешін сатып алған. Соның арқасында қазір пәтерлерінде жылу да, ыстық су да бар.

Аркадий Заворохин, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Әр отбасы 200 мың теңгеге газ пешін сатып алды. Жылу ақысын уақтылы төлеп отырмыз. Сондықтан бізге ешкім тиіспесін. 

Жұрт қазандық салынса, балалар алаңқайындағы екінші қауіпті ғимарат болатынын айтады. Өйткені аумақта шағын электр станциясы бар. Ең сорақысы, жаңа құрылыс соның жоғары вольтты сымдарының үстіне тұрғызылады.

- Электр кабелінің үстіне салып жатыр. Міне! Не болып жатқанын түсінесіздер ме?!

Наразы халық мұнда жарылыс болып, зардап шегеміз бе деп қауіптенеді. Сондай-ақ пәтерлер орталық жылу жүйесіне қосылса, коммуналдық төлем ақысы қымбатқа шығуы мүмкін екенін айтады. Бірақ Қаскелең қаласының әкімі халыққа ешқандай ауыртпалық түспейтінін жеткізді. Әрі балаларды алаңқайынсыз қалдырмаймыз деп отыр.

Асқар Мұқашев, Қаскелең қаласының әкімі:

- Бұл халықтың, қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан дүние. Негізі СНиПтің талаптары бойынша екінші қабаттан жоғары газ пешін қоюға болмайды. Жоба-сметалық құжат дайындалған, сараптамадан өткізілген, мақұлданған. Соған байланысты жұмыс басталып жатыр.

Қаскелең қаласы бойынша үйлерді орталықтандырылған жылумен қамтуға 70 миллион теңге бөлініпті. Атқамінерлер ештеңеге қарамастан ауладағы «құрылыс жалғасады» дейді. Қазандық жарты жылда салынып, пәтерлер кезең-кезеңімен орталық жылу жүйесіне қосылмақ. Бірақ ашулы тұрғындар бұған жол бермейміз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде