Шетелден жұмыс тауып береміз деп талай жұртты алдағандар еркіндікте жүр
Алматыда жұртты Еуропаға жұмысқа жібереміз деп тақырға отырғызғандар бостандықта жүр. Зардап шеккендердің сөзінше, жеке серіктестік қызметкерлері өздеріне жарнама жасап, еліміздің әр түпкірінен ақша жинаған. Жоғары жалақысы бар жұмысқа орналасуды армандағандар 30 миллионды санап берген. Енді бір жылдан бері өзіне тиесілі ақшаны қайтара алмай әлек.
Автор: Әсем Қабылбек
04.11.2019
Кәрі құрлықтағы елдердің бірінде өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасам дегендердің біразы жұмыссыз сандалып жүр. Тараздық Жайдар Омаровтың мамандығы - дәнекерлеуші. Ол шетел асам деп жұмысын тастап, автокөлігіне дейін сатқан. Тура бір жыл бұрын жиған-терген 445 мың теңгесін әлдекімдердің қолына ұстатыпты.
Жайдар Омаров, Тараз қаласының тұрғыны:
- Пархоменко Станиславқа ақша бергенмін. «Қарашаның аяғында бірінші топпен кетесің» деген болатын. «Бірінші топқа адам жиналып жатыр, қазір 10 шақтысы жиналса, жолға шығамыз» деп айтты. Мен дәнекерлеуші болып Норгевияға бармақшы болдым. Бірақ болмады ғой.
Еуропадан жайлы өмір іздеп, жоғары жалақы алғысы келетіндердің дені – жалғызбасты аналар. Индира Қадырбаева мүгедек баласының еміне бола гастербайтер болуға әзір. Ұлының талмасы жиі ұстайды. Отбасымен ақылдаса келе, туған қызы мен күйеу баласын Еуропаға жібермек болып, несие алған.
Индира Қадырбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Баланың пенсиясы кетіп жатыр. Бірақ мен ұзақ, үш жылға созып алдым. Айына 40 мың теңге төлеп жатырмын. Енді Пупованың уәдесін мүгедек баланың пенсиясымен жауып отырмын. Арыз жаздық. Түк қарастырылып жатқан жоқ. Тергеушінің бірнешеуі ауысты. Үштөртеуі ауысып кетті.
Тақырға отырғандардың бір тобы талай табалдырықты тоздырған. Алайда бүгінге дейін бір адам ғана қамауға алынған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Қылмыстық іс материалдарына сүйенетін болсақ, бұл қылмысты ойлап тауып, оны жүзеге асырып, осы механизмді жүзеге асырған П есімді азаматтың өзі болып шықты. Ол кінәсін толығымен мойындауда. Оның компаниясында жұмысшы болып жалданған адамдар куәгерлер ретінде сұрастырылды. Олардың кінәсі дәлелденген жоқ.
Алданған жұрт сыбайластарының бостандықта жүргеніне наразы. Олар түскен табысты «қылдай бөлді» деген пікірде. Себебі, біразы ақшаны сол адамдардың есепшотына аударған. Пәтерін торауылдап жүр.
Нидерланды, Норвегия және Данияға бару арман күйінде қалды. «Табысы жоғары жұмысқа жібереміз» деп уәде берген серіктестік басшысына қатысты іс сотқа жолданды. Алданған жұрт прокуратураға арыз жазып, агенттік жұмысшыларын да жазаға тартуды талап етуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!