Жалдамалы баспана! Айлық қанша және неше шаршы метр беріледі?
Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспана бағдарламасымен міндетті жалақы мөлшері 101 мың теңгеден төмендеуі мүмкін. Министр депутаттар сауалына осылай деп жауап берді. Өзгерісті жастар да күтіп отыр. Сонымен, айлық қанша болуы керек? Әрі жастар қанша шаршы метрге үміттене алады?
Автор: Ербол Тұрымбет
04.11.2019
Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспана бағдарламасына қатысуға жасы 29-ға дейінгі жас 10 түрлі міндетті құжат тапсырады. Тұрақты жұмысы, соңғы екі жыл қалада тіркелген және жалақысы 101 мың теңгеден кем болмауы керек. Депутаттар соның ішінде жалақы мөлшерін төмендетуді сұрайды.
Құралай Қаракен, Мәжіліс депутаты:
- Қазір Елордада жасы 29ға дейінгі 7669 адам үй кезегінде тұр. Алматыда – 7863, Шымкентте – 11022. Ал бағдарламаның талабы бойынша үміткердің табысы 40 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы керек. Яғни жалақысы 101 мың теңгеге жетпейтін жастардың мұндай пәтер алуға қақысы жоқ деген сөз. Оны неге төмендетпеске?
Жалақысы 101 мың теңгеден жоғарылар да жетісіп тұрған жоқ. Спорт залында жаттықтырушы болып істейтін Досжан Елордаға Павлодардан келіп, отау құрған. Жасы 28-де. Бірақ тіркеуге тұрғанына небәрі бір жыл болғандықтан, жалдамалы баспанаға үміттене алмайды.
Досжан Кенбаев:
- Келесі жылы осы уақытта жасым 29ға толады. Жолым болмай қалса, үмітім үзіледі. Сондықтан жас мөлшерін ұлғайтса немесе басқа да мүмкіншіліктерімізді кеңейтсе дейміз. Әйтпесе болмашы бір жағдайдың кесірінен аталмыш бағдарламаға қатыса алмай отырмын.
Министр Абаев жалақы мөлшері «101 мың теңгеден төмендеуі мүмкін» дегенді депутаттардың алдында айтқанымен, мерзімін нақтылаған жоқ. Қойылған талаптардың өзгеруі де неғайбыл.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Не істейік? Кім пәтер алады деп жеребе тастайық па? Ол дұрыс емес. Пәтер мәселесі – көп мәселенің біреуі ғана. Сондықтан бұл жерде біз сендерге келіп: «Қанеки, алыңдар, алақай!» деп айта алмаймыз. Жұмыс істеу керек, тұрақты тұру керек, оның бәрін дәлелдеу керек. Ондай өлшемшарты болмаса қалай пәтер береміз?!
Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспанаға құжат қабылдау Алматыда өткен айдың басында басталды. Елордада ертең сағат 10-да басталады. Еліміздің басқа өңірлерінде 2022 жылдан бастап салу көзделіп отыр. Бірақ депутаттар оған бюджеттен ақша бөлуге келісуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!