Баланы ұрып-соққан тіс дәрігері жұмыстан шығарылды
Жеті жасар баланы жұлқылап, жұмыссыз қалды. Ақтауда тіс жұлдыруға келген балаға дөрекілік танытқан дәрігер осылай жазаланды. Бірақ мұнымен де құтылмайтын сыңайлы. Өйткені баланың анасы Маңғыстау облысы стоматологиялық орталығының қызметкері Төлеген Мұхамбетовқа қатысты полицияға арыз түсіріпті. Тіпті анасының өзі де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Үлкен дауға ұласқан тіс жұлу операциясы жайында КТК тілшісі былай дейді:
Автор: Мақсат Мәлік
04.11.2019
Жеті жасар баланы жау көргендей жұлқылап, орындыққа атып ұрған тіс дәрігерінің бақылау камерасына жазылып қалған әрекеті әуелі әлеуметтік желіде тарады. Инеден қорқып қиғылық салған кішкентайды дәрігер тізесімен басып қояды. Осы сәтте дәлізде тұрған анасы кабинетте болған сорақылықтан бейхабар болғанын айтады.
Қызғалдақ Сапарова, баланың анасы:
- Балам есіктен жылап шықты. Басын ұстап алып: «Мама, ана аға мені ұрды» деп жылады. Баламды ДЦПмен ауырады деп бүкіл жағдайды түсіндіріп тұрмын, ол: «тісін жұламын деп, қорқыту үшін істедім, апа» дейді. Аталмыш видеоны үйге келгеннен қайтып көре алмадым, жүрегім ауырады. Себебі, балам да «көрсетпеші, өшіріп тасташы» деді.
Қызғалдақ Сапарованың айтуынша, сол күні ұлымен үш рет тіс дәрігеріне кіріпті. Алайда баласы көнбей қойған соң соңында кабинетке қалдырып, өзі дәлізге шығып кетеді. Ал облыстық стоматологиялық орталықтағы сорақылықтан кейін көпшіліктен кешірім сұраған тіс дәрігері Төлеген Мұхамбетов «жақсылық жасаймын» деп қателікке ұрынғанын мойындады.
- Бірақ мен баланы ұрған жоқпын. Өте қатты жұлқыдым. Отырғызып, қорқытып, тісін жұлып беріп жіберейін деген оймен жасалған болатын. Ел алдында, атаанасының алдында шын жүрегіммен кешірім сұраймын.
Кәсіби міндетіне кір келтірген жас маман екі жыл бұрын медициналық университетті қызыл дипломға бітіріп, аталмыш орталыққа жұмысқа тұрған. Жас та болса білікті дәрігердің бұған дейін «ешбір оғаш қылығын байқамадық» деген басшысы оның жұмыстан шығарылғанын айтты.
Қуат Машырықов, Маңғыстау облысы стоматологиялық орталығының директоры:
- Әрекеттерін анық көрдіңіздер. Өрескел болған. Адамшылыққа жатпайды. Басы алтын болса да. Біз шешім қабылдадық. Сол жерде талқылап, жұмыстан босайсың дедім. Жай, өз еркімен кетпейді, заң бабын қолданамыз.
Дәрігердің әрекетіне налыған Қызғалдақ Сапарова бірден полицияға арыз түсіріпті. Бірақ өзі де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Өйткені дәрігермен қосылып ұлын төмпештегені камераға түсіп қалған. Қазір істің ақ-қарасын анықтауға сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.
Қалдымұрат Айғарақов, Ақтау қалалық пб бастығының орынбасары:
- Денесіне жарақат жеңіл дәрежеде берілген жағдайда ҚР Әкімшілік кодекстің 73те 1-ші бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Егер баланың денесінде қандай да бір жарақат болмағанда, осы кодекстің 73-те 2-ші бабымен – баланы ұрып-соққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартамыз.
Осылайша сол күйі ауырған тісін жұлдырмаған кішкентай бала енді аурухана табалдырығын аттауға қорқып отыр. Ал «кешірім бермеймін» деген анасы жұдырығы жуан дәрігердің жазаға тартылуын сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!