Атырау: Перзентханада көз жұмған келіншектің туыстары қайта тергеуді талап етті
Атыраудағы перинаталдық орталықта бала үстінде көз жұмған келіншектің туыстары қайта тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Осыған дейін Анаргүл Майлыбаеваның өліміне қатысты қызметіне салғырт қарады деп айыпталған төрт маман ақталып шыққан еді.
Автор: Жаңалық Ахаш
04.11.2019
Қаралы отбасы екі жылға созылған тергеу мен сот үкіміне келіспей отыр. Өйткені ақталғандардың бірі жақында ақша жымқырды деп қайта ұсталған. Нақтыласақ, перинаталдық орталық директорының орынбасары Асқар Кенжеғалиевтің үйінен дәрігерлерге сыйақы ретінде бөлінген 7 миллион теңге табылыпты. Ал Анаргүл Майлыбаеваның туыстары ақша ана өліміне қатысты істің оң шешілуіне пара ретінде жиналғанына сенімді.
Осы ақшаға қатысты тергеушілер тың тыңдап жүрген кезде сұмдық оқиғаның беті ашылған. Дәрігерлер телефон арқылы тірі туған сәбиді тоңазытқышқа үсіріп өлтіру керектігін айтып жатқанын тергеушілер естіп қалады. Сол бойда орталыққа жеткенімен, біраз уақыт есікті аша алмай сабылады. Ақырында сәби шетінеп, бұйрық берген бас дәрігер күдікті ретінде қамауға алынды. Енді Майлыбаеваның жақындары да параға ақша жинау дерегі анықталуына байланысты мемлекеттік комиссия істі қайта тергесін деп талап етуде.
Өміргүл Майлыбаева, марқұмның әпкесі:
- Істің жүріп жатқанына екі жылдан асты. Әділдік жолында әлі де күресіп келемін. Менің қолыма түскен Қаулыда облыстық перинаталдық орталық қызметкерлеріне бюджеттен премия есебінде 7 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал ол ақшаның бәрі Асқар Кенжегалиевтен тәркіленген. Менің ойымша, бұл қаражат белгілі бір тұлғаға пара есебінде беруге жиналған. Дәл кімге екенін айта алмаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!